Оның айтуынша, табиғи өрттердің алдын алудың жаңа моделі өрт санын барынша азайтуға мүмкіндік берді.
«Еліміздің орман-дала алқаптарында алдын алу шараларын жүргізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері қатарынан мобильдік топтар құрылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылықтары үшін 52 млн 116 мың теңгеге 3000 астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шаруа қожалықтарында нұсқамалар өткізілуде. Трансшекаралық ынтымақтастық шеңберінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлескен оқу-жаттығулар өткізілді. Орман шаруашылығы мекемелерімен 300-ден астам өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді», – деді спикер.
Ауылдық аудандарды қорғау деңгейін арттыру мақсатында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы іске асырылуда.
Жаңа форматта қажетті техникамен, жабдықтармен және киім-кешекпен қамтамасыз етілген, 11 өрт сөндіру бекеті ашылды. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктер құратын өрт сөндіру бекеттері үшін өрт техникасын беруді жүзеге асыруда. Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері барлығы 27 мың гектар алқапта 261 орман өрті болды.
Сондай-ақ жалпы ауданы 14,5 мың гектарда 16 дала өрті және 1357 жану оқиғасы тіркелген. Қазіргі уақытта өрт қауіпті кезеңі қызу жүріп жатыр. Елдің бірқатар аймағында өрт қаупі дәрежесі сақталуда.
«Осыған байланысты өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Өрт қаупі жоғары кезеңде елді мекендерде, ормандарда, егін жанында от жағуға тыйым салынады. Сіріңке мен темекіні сөндірмей тастамаңыздар шыны заттарды лақтырмаңыздар. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз және олардың отпен ойнауына жол бермеңіздер. Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлаңыз», – деп түйіндеді ведомство өкілі.