Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп ұйымдастырған CDO – Digital Workshop 3.0 семинары өтті. Іс-шараға 90-нан астам қатысушы – орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен өңірлік цифрландыру басқармаларының өкілдері, сондай-ақ ІТ-сарапшылар мен салалық серіктестер жиналды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Семинарды ҚР ЦДИАӨМ вице-министрі Досжан Мұсалиев ашып, цифрландыру табысты жүзеге асуы үшін барлық деңгейдегі билік органдарының үйлесімді әрекеті қажет екенін атап өтті:
«Біздің мақсатымыз – орталық және өңірлік органдар арасында тиімді диалог орнатып, цифрландырудың басым бағыттарын талқылау, цифрлық теңсіздікті жою, байланыс сапасын арттыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты шешімдер қабылдау».
Іс-шара бағдарламасы 9 тақырыптық сессиядан тұрды. Сессиялар барысында Министрлік, «Қазақтелеком» АҚ, ҚР Бас прокуратурасы және басқа да ведомстволардың өкілдері баяндама жасады. Негізгі тақырыптар ретінде келесідей бағыттар қамтылды:
- Қолжетімді интернет: өңірлердегі басымдықтар мен мемлекеттік қолдау шаралары;
- Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы инвестициялық жобалар: жоғары жылдамдықтағы интернет желілерін салу бойынша келісімдерді іске асыру;
- Прокуратура органдарындағы автоматтандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар енгізу;
- Телекоммуникациялық ортаны дамытуға арналған тәсілдер;
- Дербес деректерді қорғау: тәжірибе мен заңнамалық перспективалар;
- Салаларды цифрландыру: архитектуралық тәсілдер;
- Бизнес пен мемлекеттік қызметтерге арналған цифрлық шешімдер.
Семинарда «Цифрлық ауыл» жобасына ерекше назар аударылды. Жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда және 3 000-нан астам ауылдық елді мекенді қамтиды. Жобаның шеңберінде 29 000 км талшықты-оптикалық байланыс желісі салынып, мектептер мен мемлекеттік органдар интернетке қосылады, спутниктік интернет дамып, интернет сапасын бақылау үшін DPI жүйелері енгізіледі. Жобаны іске асыру мерзімі — 2027 жылдың соңына дейін.
Семинар аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляевамен кездесу өтті. Кездесу барысында өңірлердегі цифрландыруға қатысты өткір әрі өзекті мәселелер көтерілді. Қатысушылар заңнамалық кедергілерді, әкімшілік шектеулерді және цифрландыруды жеделдетуге қатысты ұсыныстарды талқылады. Семинар қатысушылары өңірлерде цифрлық бастамаларды жүзеге асыру барысында кездесетін нақты қиындықтармен бөлісу мүмкіндігіне ие болды.