Сахнада негізгі құрамның барлық бес әншісі өнер көрсетеді: Ник Картер, Брайан Литтрелл, Эй Джей Маклин, Хауи Дороу, Кевин Скотт Ричардсон. Бағдарламада топтың ең танымал хиттері орындалады. Елордада өтетін концерттің ұйымдастырушысы – «Астана Концерт».
«2025 жылы Backstreet Boys Лас-Вегастағы Sphere сахнасында үлкен резидентурамен өнер көрсетеді. Backstreet Boys тобы Sphere сахнасында 21 концерт береді. Барлық билет бір күнде сатылып кетті, бұл турды әлемдегі ең көп сатылған турға айналдырды. Турдың бір ерекшелігі – барлық көрермен ақ түсті дресс-кодты сақтайды. Біз де бұл бастаманы қолдауға шақырамыз. Біздің ойымызша, бұл әдемі көрініс болып, керемет әсер қалдырады», – деді Мәлік Хасенов.
Спикер үш жыл ішінде «Астана Концерт» компаниясы «А» санатындағы 10-нан астам концерт ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша осы концерттерді ұйымдастырумен айналысатын компаниялар тобы 1 млрд теңгеден астам сома салық төлейді. Бұл компанияны бірден креативті экономиканың көшбасшыларының біріне айналдырады. Біз Дженнифер Лопестің концертіне Астана мен Алматыға келетін туристер санын білеміз. Бұл – шамамен 18 мың адам. Backstreet Boys тобының концертінен де осындай нәтиже күтеміз, келушілер саны одан да көп болуы мүмкін», – деп қосты Мәлік Хасенов.