Оның айтуынша, биыл шамамен 1,7 млн турист келеді деп күтілуде. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында елордаға 300 мың қонақ келді, оның 68 мыңы – шетелдіктер. Спикер атап өткендей, бүгінде елорда тек саяси және іскерлік орталық қана емес, сонымен қатар белсенді мәдени және іс-шаралар алаңына айналуда.
«Backstreet Boys тобының концерті сияқты ауқымды іс-шараларды өткізу қалаға бірінші кезекте төлем қабілеті жоғары туристерді тартады және халықаралық аренада Астанаға деген қызығушылықты арттырады. Мұндай іс-шаралар мультипликативті әсер береді. Бұл - қонақ үйлердің толуының, мейрамханаларға, мәдени нысандарға, көрікті жерлерге барудың артуы, көлікті пайдалану. Бір концерт он шақты салаға серпін береді», – деді Артем Квашук.
Оның айтуынша, қаланың инфрақұрылымы кез келген деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайын. Қалада 300-ге жуық қонақ үй бар, оның 9-ы – 5 жұлдызды, 100-ден астамы – 3-4 жұлдызды. Жыл сайын Астана «оқиғалар қаласы» мәртебесін нығайтуда. Өткен жылы 128 халықаралық іс-шара өткізілді, биыл 200-ден астам шара ұйымдастырылмақ.
«Kazakh Tourism» «ҰК» АҚ Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Алишер Тұрсын Дженнифер Лопестің Астанадағы концерті шын мәнінде күшті әсер беріп отырғанын атап өтті. Астанаға 10 мыңнан астам, Алматыға 8 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
«Батыс Еуропада 10 мың адамға арналған концерт орта есеппен шағын және орта бизнес үшін 1 млн доллардан астам қосымша табыс әкеледі. Бұл да Қазақстандағы қонақ үй бизнесін дамытуда болашақ әлеуетті инвесторлар үшін үлкен белгі. Яғни, халықаралық әртістерді тартуды, ірі халықаралық іс-шараларды өткізуді жалғастыру үшін орналастыру орындарына инвестиция құюға болады», – деп қосты ол.