Атырауда Балықшылар күні кемелер шеруімен ерекшеленді

Атырауда Балықшылар күні кемелер шеруімен ерекшеленді

Атырау қаласында Балықшылар күні кең көлемде аталды. Бұл күні Жайық жағалауы мен Сұлтан Бейбарыс алаңы мерекелік рух пен тұрғындардың көтеріңкі көңіл-күйін тоғыстырған ерекше орынға айналды, деп хабарлайды No-comment.kz - Атырау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Мерекелік күн жергілікті балық өнімдері мен қолөнер туындыларының көрме-жәрмеңкесімен басталды. Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген 7 балық шаруашылығы кәсіпорны көрмеге 27 түрлі өнімін ұсынды. Олардың қатарында салқындатылған, тұздалған, қақталған, ысталған және өңделген басқа да өнімдер бар.

– Біз Орал қаласынан келіп отырмыз. Батыс Қазақстан облысында 2020 жылдан бері «Озерный товарный рыбхоз» шаруашылығымыз жұмыс істейді. Қазір екі түрлі балық – ақ амур (толстолобик) мен тұқы (карп) өсіреміз. 2023 жылдан бастап балық аулап, Орал тұрғындарына сатылымға шығарып келеміз. Тәулігіне шамамен 1 тонна балық өткіземіз, – деді «Алтын балық» ЖШС директоры Муслим Айтжанов.

Көрмеден соң ұйымдастырылған кемелер шеруі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сұлтан Бейбарыс алаңының тұсындағы Жайық өзенінде өткен шараға 27 теңіз және өзен кемесі қатысты.

Мерекенің маңызды бөлігі бекіре шабақтарын табиғи ортаға жіберу рәсімі болды. Атырау бекіре өсіру зауыты салмағы 3-7 грамм болатын 1 миллионға жуық шабақты Жайық өзеніне жіберді. Бұл – экожүйені сақтау мен балық қорын қалпына келтіруге бағытталған маңызды экологиялық шара.

– Атырау – еліміздің балық шаруашылығы бойынша алдыңғы қатарлы өңірі. Үкімет бұл салаға ерекше назар аударып отыр. Қазіргі уақытта Атырау бекіре өсіру зауытында реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үдеріс министрлік тарапынан жіті бақылауға алынған, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Кеш соңында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, мерекелік көңіл-күй жалғасын тапты. Жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар сахнада өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет Арнаулы...