Қаланы көркейту үшін нақты істер қолға алынған

Қаланы көркейту үшін нақты істер қолға алынған

Шымкент – еліміздегі үш мегаполистің бірі, қарқынды дамып келе жатқан ірі индустриялық, мәдени әрі әлеуметтік орталық. Қала күн сайын жаңарып, өзгеріп келеді. Бұл ретте, қаланың заманауи бейнесін қалыптастыруда Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының атқарған жұмысы орасан. Басқарма 2024 жылдың 12 айында ел игілігіне бағытталған іргелі істер атқарып, маңызды көрсеткіштерге қол жеткізді. Қазіргі уақытта бұл басқарма құрылымдық өзгеріске ұшырап, екі жеке мекемеге бөлінді.

Басқарма бекітілген штаттық құрылымға сәйкес 52 мемлекеттік қызметкерден құралған. Қала аумағындағы сәулет, құрылыс, қала құрылысы мен жер қатынастарына қатысты барлық сұрақтар осы ұжымның бақылауында болған.

Шымкент қаласының жалпы аумағы – 116 280 гектар. Бұл аумақ 5 әкімшілік ауданға бөлінген. Жер пайдаланылу мақсатына қарай да нақты бөлінген. Атап айтқанда, тұрғын үйге арналған аймақ – 10 642 га (9,15%), оның ішінде, көпқабатты үйлер – 477 га (0,4%), жеке тұрғын үйлер – 10 165 га (8,7%), әлеуметтік нысандарға – 1 431 га (1,2%), коммерциялық мақсаттағы жерлер – 17 803 га (15,3%), оның  2 929 гектары өндірістік нысандарға, 14 874 га, яғни 12,8 пайызы сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету нысандарына арналған. Бұл көрсеткіштер қаланың жоспарлы дамып келе жатқанын және аумақты тиімді пайдалану саясаты дұрыс бағытта екенінің дәлелі.

2023 жылдың 17 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №916 қаулысымен Шымкент қаласының жаңа Бас жоспары бекітілген болатын. Жаңа жоспар – мегаполистің 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму перспективасын айқындайды. Жобаның басты мақсаты – халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және қаланың тұрақты урбанизациясын қамтамасыз ету.

Бас жоспарға сәйкес, қала халқының саны 1,2 млн-нан 1,9 млн адамға дейін артады деп күтілуде. Осыған байланысты, жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі орта есеппен 2,1 млн шаршы метрге дейін ұлғаяды. Жалпы 15 жыл ішінде тұрғын үй құрылысына 9 492 гектар жер телімі бөлініп, 31 млн 610 мың м² тұрғын үй салу жоспарланған. Оның 80 пайызы көпқабатты үйлерден тұрады.

Инфрақұрылымды дамыту бойынша да ауқымды жобалар қарастырылған. Айналма теміржол тармағы, тәулігіне 20 мың адам қабылдайтын жаңа теміржол вокзалы, қаланы шеңберлей өтетін 3 айналма жол, осының барлығы тұрғындарға ыңғайлы өмір сүру ортасын қалыптастырып, қаланың экономикалық әлеуетін арттырады. Жоспардың түпкі нәтижесінде 2035 жылға қарай Шымкентте 1022,2 мың жұмыс орны пайда болады деп болжануда. Бұл – еңбек нарығына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған нақты қадам.

Қазіргі таңда Шымкент еліміздің ірі өнеркәсіптік, сауда және мәдени орталықтарының біріне айналып келеді. Қалада өндірістік және өнеркәсіптік аймақтар 2 340 гектар аумақта орналасқан. Бұл – бизнеске қолайлы орта қалыптастыруда маңызды фактор.

Қаланың көркі – архитектурасында. Басқарманың қызметі тек құжат рәсімдеумен шектелмейді, ол – қаланың жаңа келбетін қалыптастырушы негізгі институт.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет Арнаулы...