Президенттің экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау: Үкімет жартыжылдықта ЖІӨ-нің 6,2%-ға өсуін қамтамасыз етті

Президенттің экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау: Үкімет жартыжылдықта ЖІӨ-нің 6,2%-ға өсуін қамтамасыз етті

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономикадағы қазіргі ахуал туралы баяндама жасады. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов фискалдық және ақша-несие саясатын іске асыру туралы, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады. Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, сауда және интеграция, энергетика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің және бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында ЖІӨ көрсеткіші 6,2%-ға жетті. Өсу қарқынының артуы құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларында тіркеледі.

Премьер-министр Президенттің экономиканы әртараптандыру және оның ұзақмерзімді әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне назар аудартты. Осыған байланысты іскерлік белсенділікті ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту және цифрлық технологияларды енгізу үшін қажетті Үкімет қабылдаған кешенді қадамдардың маңыздылығы атап өтілді.

«Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Инвестицияларды белсенді түрде тарту түрлі салаларда аса маңызды бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды бастауға ықпал етті. Мемлекет басшысы өңіріміздегі тұңғыш суперкомпьютер кластерін іске қосты. Оны қолдану кең ауқымды цифрландыру мен ашықтықты арттырып, көптеген экономикалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр экономиканы әртараптандыру арқылы ұзақмерзімді әрі орнықты өсімді қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялар мен тікелей шетелдік инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету керектігі атап өтілді. Осыған байланысты өңірлік инвестициялық штабтарды неғұрлым белсенді пайдалану міндеті қойылды. Жоғары технологиялық өнім шығару саласында экспортқа бағдарланған жобаларға баса назар аудару қажет. Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі үшін ұзақмерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ете отырып, отандық кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыру тапсырылды.

Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда тиісті инженерлік, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет. Олжас Бектенов халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті. 

Еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру шараларын жеделдету міндеті қойылды.

«Бұл алдағы жылдары 3 мың шақырымнан астам автокөлік жолын күрделі жөндеу, өткізу бекеттерін жаңғырту, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізі аясында жаңа жобаларды іске асыру, халықаралық авиахабтар құру жұмыстары басты назарда болуға тиіс. Бұл шаралар 2028-ші жылға қарай әуе көлігімен жүктерді тасымалдау көлемін, сондай-ақ 2027-ші жылға қарай теміржол транзитін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұған қоса егін орағы мен жылыту маусымына дер кезінде дайындалу үшін ішкі тасымал көлемін ұлғайту тапсырылды. 

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті әрі сапалы қорын қалыптастыру үшін Премьер-министр тиімді логистиканы қамтамасыз етіп, өнімді сақтау және сату тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Мүдделі мемлекеттік органдарға сауда саласының одан әрі дамуын және отандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін арнайы аграрлық азық-түлік маркетплейсін құру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырылды. 

Мұнай-газ саласында «Теңіз» кен орнындағы «Болашақ» кеңейту жобасын және «Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару» жобасын толық іске қосуды аяқтауды, сонымен қатар газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын іске асыруды жеделдетуді тапсырды.

Премьер-министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға Инфляцияны бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен әкімдіктер жұмысының маңызды басымдығы. Өңірлер ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету және делдалдық схемаларды анықтау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Бұл орайда тұрақтандыру қорлары, форвардтық келісімдер, субсидиялау және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты тиімді құралдар бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту керек. Барлық бағыттар мен салалар бойынша кең ауқымды шараларды жүзеге асыру – тұрақты экономикалық өсімнің берік негізі», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуде. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов журналистермен өткен брифинг барысында...

Алматы қаласында «Мерейлі отбасы – 2025» Ұлттық конкурсы (бұдан әрі – Ұлттық конкурс) жыл сайынғы дәстүр бойынша Халықаралық отбасы күніне орай 15...