Қызылордада Ұлттық Домбыра күні кең ауқымда аталып өтті

Қызылордада Ұлттық Домбыра күні кең ауқымда аталып өтті

Қызылорда қаласында Ұлттық Домбыра күніне орай өткен «Домбыра - дастан» атты рухани-мәдени кеш елдің рухын көтеріп, ұлттық өнерге деген құрметті айқын көрсетті. Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде тойланатын бұл мереке - 2018 жылдан бері қазақ халқының төл аспабын ұлықтайтын ерекше күнге айналған. Биыл да сырбойылықтар осы дәстүрді лайықты жалғастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына күй мен жырға толы әсерлі кеш сыйлады.

Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, өнер қайраткерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Кеш барысында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі сахна төрінде өнер көрсетіп, көрерменге халықтық музыкамен рухани қуат сыйлады. Концертке елге белгілі күйші-композиторлар мен жас дарындар қатысып, көрермен ықыласына бөленді.

Домбыра үні арқылы ұрпақ сабақтастығы жалғасып, ұлттық рухтың өзегі жаңғырды. Бұл мереке - тек концерт қана емес, қазақ болмысының, мәдениетінің айнасы. Көпшілікпен бірге тойланған думанды шара ұлттық өнерге деген мақтаныш сезімін арттырып, елдің рухани байлығын ұлықтауға арналды.

Осындай рухани кештер өнерді ұлықтаумен қатар, жас буынның ұлттық аспапқа деген қызығушылығын арттырып, дәстүр жалғастығының берік негізін қалайды. Бұл – елдің мәдени тұрақтылығы мен ұлттық тұтастығының белгісі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ