Астана қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Қызылорда облысының спортшылары ел абыройын асқақтатып, жоғары нәтиже көрсетті. Облыс атынан сынға түскен бес спортшының төртеуі жүлдегер атанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл - өңірдегі ауыр атлетиканың даму қарқынын көрсететін үлкен жетістік.
Қазіргі таңда облыс бойынша 1 300-ден аса спортшы ауыр атлетикамен тұрақты түрде айналысуда. Барлық ауданда тегін секциялар жұмыс істейді. Бұл жүйелі дайындықтың нәтижесінде халықаралық деңгейдегі спортшылар қалыптасуда. Солардың бірі - Ерасыл Сәулебеков. Ол Азия чемпионатында үш алтын медаль жеңіп, ел мерейін үстем етті. Бұған дейін де Әлем чемпионатында алтын мен қоланы қанжығалаған Ерасылдың жетістігі - бапкерлік құрам мен мектеп әкімшілігінің бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Сонымен қатар, Азия чемпионатының жүлдегерлері Бейбарыс Ерсейіт, Ернұр Мырзахмет пен Қайсар Мысырбек те жарыста жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Олардың барлығы да жас кезінен спортпен шұғылданып, табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісін танытып келеді. Бұл жеңістер — Қызылорда спортының әлеуетін айқындай түседі.