Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Haileybury Astana халықаралық мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Озода Баходирқызы жастар арасында маңызды бастамалардың бірі – «Jas Keñes Siyligi» жастар сыйлығы туралы жан-жақты мәлімет берді.
Аталған сыйлық 2024 жылы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылған болатын. Оның басты мақсаты – еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің маңызды салаларында ерекшеленген, белсенді әрі дарынды жас мамандарды қолдау және ынталандыру. Бұл бастама жас буынның кәсіби әлеуетін арттыруға, олардың мемлекет дамуына қосар үлесін көтеруге бағытталған.
Биылғы жылы сыйлық құрылымында бірқатар жаңалықтар енгізілді. Атап айтқанда, номинациялардың саны былтырғы жетіден онға дейін артты. Жаңа бағыттар қатарында жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар және атом өнеркәсібі саласындағы мамандарға арналған номинациялар бар.
Сыйлықтың әрбір номинациясы белгілі бір сала қызметкерлерін қамтиды. Олардың қатарында ішкі істер органдары мен қарулы күштер өкілдері, медицина қызметкерлері, өндіріс және тау-кен ісінің мамандары, инклюзивті білім беру және әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, педагогтер мен ғалымдар, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, энергетика және атом өнеркәсібінің қызметкерлері, құрылысшылар мен жұмысшы мамандық иелері, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінің мамандары мен IT және креативті индустрия саласында еңбек етіп жүрген жастар бар.
«Jas Keñes Siyligi» байқауына Қазақстанның 35 жасқа толмаған азаматтары қатыса алады. Үміткерлердің өтінімдері 2025 жылғы 20 шілдеге дейін арнайы онлайн платформа арқылы қабылданады. Байқау үш кезеңнен тұрады, нәтижесінде әр номинация бойынша екі жеңімпаз, жалпы саны 20 жеңімпаз анықталады.
Сыйлықтың жалпы жүлде қоры — 20 миллион теңге. Әр жеңімпазға 1 миллион теңгеден қаржылай сый табысталады. Байқаудың бас серіктесі және демеушісі — «Brave Talents» компаниясы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама – жастардың әлеуетін ашуға, олардың кәсіби жолын қолдауға және Қазақстанның барлық өңірінде жаңа көшбасшыларды қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Қосымша ақпарат пен байқау ережелері арнайы ресми сайтта қолжетімді.