Шымкентте үш ірі өндіріс орны іске қосылып, өңір экономикасының дамуына тың серпін берілді

Шымкентте үш ірі өндіріс орны іске қосылып, өңір экономикасының дамуына тың серпін берілді

Шымкент қаласында Қала күніне арналған салтанатты шаралар аясында үш жаңа өндіріс орны іске қосылды. Бұл — мегаполис үшін тек мерекелік жаңалық қана емес, сонымен қатар өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа кәсіпорындардың ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жобалардың әлеуметтік-экономикалық маңызына ерекше тоқталды.

Атап айтқанда, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында екі өндірістік жоба өз жұмысын бастады. Оның бірі — «BIK Kanc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл кәсіпорын кеңсе қажеттілігіне арналған А4 және А3 форматтағы қағаз өнімдерін өндірумен айналысады. Жалпы құны 500 миллион теңгені құрайтын зауыт жылына 3,5 миллион дана қағаз қаптамасын шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін болады. Бұл жоба өңірдегі кеңсе тауарларына деген сұранысты өтеумен қатар, импортты алмастыруға мүмкіндік береді.

Екінші жоба — ЖК «ZeineP» дезинфекциялық құралдар шығаратын зауыт. Бұл кәсіпорын жылына 10 мың тоннаға дейін санитарлық-гигиеналық өнімдер өндіруді көздеп отыр. Мұнда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, сонымен бірге ТМД елдеріне экспорттау жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпорындардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашатын маңызды бастама.

Үшінші жоба – «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан «Sauran Bricks» ЖШС-ның автоклавты газды бетон шығаратын зауыты. Бұл құрылыс индустриясы үшін аса маңызды нысан болып табылады. Жобаның жалпы инвестициялық құны — 7,8 миллиард теңге. Зауыт толық қуаттылыққа шыққан кезде үш ауысыммен жұмыс істейтін 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде.

«Sauran Bricks» кәсіпорнының жылдық өндірістік қуаты — 200 мың текше метр. Бұл – күніне 555 м³ немесе айына 16 500 м³ өнім шығару мүмкіндігін білдіреді. Жоба үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 5,2 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Өндірістік кешенге Қытайдың KEDA компаниясынан заманауи, автоматтандырылған құрылғылар жеткізіліп, орнатылды. Бұл құрал-жабдықтар өндіріс тиімділігі мен өнім сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда, аталған жобалардың іске қосылуы Шымкент қаласының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экономиканың әртараптандырылуына және құрылыс индустриясының жандануына айтарлықтай үлес қосады. Бұл – қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мен өңірлік экономиканы нығайту жолындағы нақты қадамдардың бірі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Шахтер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен мамандарын...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен әкімдер...