Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған азаматтардың еңбек тәртібі мен жұмыс орнында болу фактісі тұрақты түрде тексеріліп отырады. Бұл бағытта арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді. Нәтижесінде мемлекет тарапынан төленетін жалақының мақсатты әрі әділ жұмсалуына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде олардың айлығы тікелей Еңбек мобильділігі орталығы арқылы субсидияланады. Бұл үшін жұмыс беруші ай сайын тиісті құжаттарды — табель, жұмыс режимі мен функционалдық міндеттерді орындау есебін орталыққа жолдайды. Осы құжаттар негізінде ғана жалақы төленеді.
Мониторинг тобы ҚР Үкіметінің №275 бұйрығына сәйкес жұмыс атқарады. Субсидияланатын жұмыс орындарына төмендегідей бағыттар жатады:
-
«Жастар практикасы»
-
«Қоғамдық жұмыс»
-
«Күміс жас»
-
«Алғашқы жұмыс орны»
-
«Әлеуметтік жұмыс»
-
Жасөспірімдерге арналған уақытша қоғамдық жұмыстар
2025 жылғы 14 шілдедегі мәліметке сәйкес, қала бойынша 1 445 мекемеге 3 674 адам жолданған. Оның ішінде 1 024 мекемеде 2 039 адамға мониторинг жүргізілсе, 2023–2024 жылдары жолданған 816 мекемедегі 1 843 адам бойынша да тексеру жасалды. Нәтижесінде 1 316 адамның жұмыс орнында болмағаны анықталып, 431 адам жұмыстан босатылды.
Мәселен, жуырда Шымкент қаласындағы №35 жалпы орта білім беретін мектепке жолданған қатысушыларға қатысты зерделеу жұмыстары өтті. Аталған мектепке:
-
«Жастар практикасы» аясында – 4 жас маман
-
Уақытша қоғамдық жұмысқа – 5 жасөспірім жолданған
Тексеру нәтижесінде «Жастар практикасы» қатысушыларының үшеуі жұмыс орнында болған. Бір адамның денсаулығына байланысты келмегені анықталды, алайда тиісті анықтама тапсырылмаған. Мониторинг тобы мұндай жағдайда еңбекке жарамсыздық парағын тапсыру міндетті екенін ескертті.
Ал қоғамдық жұмысқа жолданған 5 жасөспірімнің ешқайсысы жұмыс орнында болмағаны белгілі болды. Бұл бойынша арнайы акт толтырылып, тиісті шаралар қолданылды.
Мониторинг тобының жұмысы еңбек тәртібін сақтау, жұмыс орындарының тиімділігі мен мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы бақылау алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.