Түркістан облысының Түлкібас ауданында экологиялық туризмге бағытталған ерекше жоба – «ALTY KÖL» бастау алды. Арыс ауылдық округіне қарасты аумақта жүзеге асырылып жатқан бұл бастама табиғатпен үйлесімді тынығу үлгісін қалыптастыруға бағытталған. Жобаның авторы — жеке кәсіпкер Ғабит Пернебаев. Ол өзіне тиесілі 10 гектар жердің жартысына жасанды көлдер салып, қалған бөлігін жеміс-жидек, бақша өнімдері мен сәндік ағаштарға арнап отыр.
Атап айтқанда, 5 гектар жерге 6 жасанды көл салынса, олардың екеуіне қазірдің өзінде хан (форель) және бекіре балығының 10 мыңға жуық шабағы жіберілген. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта қалған тоғандарға да балық жіберу жоспарланып отыр. Бұл жоба тек экологиялық бағытты ғана емес, сонымен қатар балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын қатар дамытуды көздейді.
Кәсіпкер табиғи ландшафты сақтау мен экологиялық тепе-теңдікті бұзбай, жасыл желекке оранған аумақты демалыс орнына айналдыруды мақсат еткен. Жобада этноауыл, амфитеатр, шағын зообақ, демалыс үйлері, спорттық алаңдар мен атпен серуендеу қызметтері қарастырылып отыр. Бұл инфрақұрылым демалушылар үшін қолайлы орта қалыптастырып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыра түсетіні анық.
Айта кетерлігі, жобаның идеясы Австрия елінен алынған. Оның сызбасы Ресей мамандарының көмегімен әзірленген. Яғни, жергілікті бастаманың артында халықаралық тәжірибе мен заманауи көзқарас жатыр. Бұл өз кезегінде жоба сапасының жоғары деңгейде болуына кепіл болмақ.
Аудан әкімі Асқар Естібаев пен оның туризм саласына жауапты орынбасары Ғани Құрманбай жоба орнына арнайы барып, кәсіпкердің еңбегіне оң баға беріп, қолдау білдірді. Аудан басшысы экожоба аясында қолға алынған балық шаруашылығына қажетті жемнің 30 пайызына дейін субсидия берілетінін айтып, қолдау шараларын іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл – кәсіпкер үшін ғана емес, басқа да бастамашыл азаматтарға серпін беретін маңызды қадам.
«ALTY KÖL» жобасы — өңірлік туризм мен экологияны ұштастыра отырып, ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашатын бастама. Мұнда экотуризмнің негізі қаланып қана қоймай, жергілікті табиғаттың мүмкіндіктері тиімді пайдаланылып жатыр. Жасанды көлдер арқылы өңірдегі гидроресурстарды жаңаша игеру жолға қойылса, бақша өнімдері мен сәндік ағаштар арқылы ауыл шаруашылығы мен ландшафтты дизайн ұштастырылған.
Жобаның іске асырылуы жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да оң ықпалын тигізуде. Қазіргі таңда құрылыс және көгалдандыру жұмыстарына ауыл тұрғындары тартылып жатыр. Болашақта демалыс аймағы іске қосылғанда тұрақты жұмыс орындары құрылып, туризм саласы табыс көзіне айналмақ.
Жалпы, Түлкібас ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Биылдың өзінде ауданда туризмге бағытталған жалпы құны 4,4 миллиард теңгені құрайтын 3 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар аясында 220-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдаулар мен жеке бастамалардың тоғысуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
Табиғатты қорғау мен туризмді ұштастырған «ALTY KÖL» секілді бастамалар – еліміздегі экологиялық мәдениеттің дамуына да үлкен үлес қосады. Бұл жоба — табиғи ресурстарды сақтай отырып, экономикалық тиімділікке жетудің жарқын мысалы.