Этноауылдағы хас шеберлердің еңбегімен таныс болыңыз

Этноауылдағы хас шеберлердің еңбегімен таныс болыңыз

Шымкент қаласындағы этноауылдың киіз үйлерінде елімізге белгілі қолөнер шеберлері орналасқан. Шеберлердің мұндағы еңбегі орасан: күнделікті келген қонақтарға гобелен тоқу, киіз басу, былғарыдан бұйымдар жасаудан бөлек, зергерлік, ағаш бұйымдардан шеберлік сағаттар өткізеді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Белгілі қолөнер шебері Берік Болатбекұлы Бейісбеков ер тоқым, былғарыдан түрлі бұйымдарды дайындау әдістері, шығу тарихы, жасалу жолдары, ер-тоқым дайындаудың қыр-сырын үйретеді.

Берік Болатбекұлының отбасында сегіз адам шығармашылықпен айналысады. Үлкен шығармашылық әулетте Қазақстан Суретшілер одағының жеті мүшесі, Қазақстан Қолөнершілер одағының бес мүшесі бар. Олардың арғы ата-бабалары қолөнерімен айналысқан, осы көркем дәстүрден бастау алатын әулеттің өнердегі өз жолы, өзінің дара стилі, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Бүгінде бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Өнерлі отбасының орасан жұмысы халыққа берер үлгі-өнегесі мол, қайталанбас туындылар. Олардың әрқайсысы автордың өзгеге ұқсамас, өзіне тән қолтаңбалық шеберліктерін айқындайтын бұйымдар.

Сонымен қатар, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, зергер шебері Əшірбек Желдібаев күмістен зергерлік бұйымдардың жасалу жолдарын үйретсе, қолөнер шебері Қожабек Сәдібеков ұлттық музыкалық аспаптар - домбыра, қобыз, ағаштан жасалатын бұйымдарды көпшілік назарына ұсынады.

Домбыра жасаушы шеберлер көп, ал хас шеберлер аз. Қожабек Сәдібеков - сол аз шебердің бірі. 20 жылдан бері домбыра жасауды кәсіп еткен Қожабек ағаның отбасы тек домбыра жасаумен ғана шектелмей, қазақтың байырғы уақыттан бері қолданып келе жатқан ұлттық ыдыстарын да жасауға ден қойған.

Қазіргі кезде жары Айсағат және перзенттері Ниязбек пен Қарақатпен бірге ата кәсіпті дөңгелетіп отырған жайы бар. Бүгінгі таңда шебер көптеген шәкірт тәрбиелеуде. Ұлттық музыкалық аспаптарды жасап үйренемін десеңіз, сіздерді этноауылда орналасқан Қожабек шебердің шеберханасына шақырамыз.

Ал киіз бен гобелен тоқуды үйренгіңіз келсе, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, хас шебер Мадина Ахметоваға келіңіз. Ол шеберлер ауылында тынымсыз еңбек үстінде. Киіз басу өнерінің қалыптасу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрлі әдіс-тәсілдері, түрлері және мән-маңызы, толығымен жасалу жолын меңгеретін боласыз. Ұлттық туындыны заманауи үлгімен қайта жаңғыртқан шебердің еңбегі инемен құдық қазғандай. Келешек жастардың бойына ұлттық салт-дәстүрімізді сіңіру үшін ұлылығымыздың белгісіндей болған төл өнеріміздің орны ерекше.

"Shymqala" этноауылы «1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі» мерекесінде ашылған болатын. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Қаламызға келген қонақтардың дені қазір ең алдымен осында келгенді қош көреді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...