Шымкент қаласының Абай ауданы бойынша халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдауға бағытталған ауқымды ақпараттық іс-шара “Алаш” базарында ұйымдастырылды. Аудандық Мансап орталығы мен Жастар ресурстық орталығының мамандары тұрғындармен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдаулар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Шара барысында мамандар келушілерге төмендегідей бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді:
-
тұрақты жұмыс орындарына орналасу тәртібі;
-
субсидияланатын жұмыс орындары – «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Күміс жас» бағдарламаларының мүмкіндіктері;
-
қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары мен қайта даярлау мүмкіндіктері;
-
жаңа бизнес идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз гранттар;
-
жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып қана қоймай, оларды еңбек нарығына белсенді түрде тарту, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге үлес қосу болды. Мамандар бағдарламаға қатысу шарттары мен талаптарын жан-жақты түсіндіріп, әрбір азаматқа бағыт-бағдар берді.
Кездесуге келген тұрғындар түрлі сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті ақпарат алды. Әсіресе мемлекеттік гранттар, қысқа мерзімді оқыту курстары және жастарға арналған бағдарламалар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қатысушылар мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, еңбекке тарту шараларының жиі ұйымдастырылуын сұрады.
Іс-шара аясында сондай-ақ жұмыс берушілер мен оқыту ұйымдарының өкілдері де шақырылып, тұрғындарға нақты жұмыс ұсыныстары мен кәсіби оқуға бағыттар ұсынылды. Кейбір азаматтарға сол жерде бағдарламаға қатысу үшін құжаттар тізімі түсіндіріліп, өтініш беру тәртібі көрсетілді. Жастар ресурстық орталығы өкілдері әсіресе NEET санатындағы жастармен тығыз жұмыс жүргізіп, оларды белсенді өмірге тарту, еңбек дағдыларын дамыту жолдарын ұсынды. Қала тұрғындары мұндай кездесулердің тиімділігін атап өтіп, ақпаратты тікелей мамандардан алу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді.
Мұндай ашық форматтағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта басқа да халық тығыз орналасқан аудандарда тұрақты түрде өткізілетін болады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік қолдауларға деген қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік-экономикалық белсенділікке серпін береді.