Шымкент қаласында еңбек саясаты елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың маңызды бөлігі ретінде қарқынды түрде дамып келеді. Еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс орындарын көбейту, халықты әлеуметтік қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қалалық әкімдіктің, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басты басымдықтарының бірі.
2025 жылдың алғашқы алты айындағы мәлімет бойынша, Шымкентте 18 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 1 шілдеге дейін 12 497 адам түрлі бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 4 688 адам – тұрақты жұмысқа, 1 589 адам – кәсіпкерлік оқуға, 3 662 адам – онлайн оқуға жіберілді. Бұл – еңбек саясатының нақты нәтижесі.
Шымкентте еңбек саясаты негізінен үш бағытта жүргізілуде: жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру, әлеуметтік осал топтарды қолдау және еңбек құқықтарын қорғау. Қалада «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», «Күміс жас» секілді жобалар арқылы жастар мен егде жастағы азаматтарға жұмысқа тұруға мүмкіндік жасалуда.
Еңбек нарығына икемделу үшін кәсіби даярлыққа ерекше мән берілуде. 2025 жылы 770 жұмыссыз азаматты кәсіптік оқыту көзделсе, қазіргі таңда 292 адам жұмыс орнында, 153 адам арнайы білім беру ұйымдарында оқып жатыр. Бұл жұмыссыздықтың алдын алуға ғана емес, жаңа еңбек дағдыларын меңгеруге жол ашады.
Шымкентте еңбек саясатының дамуына әлеуметтік әріптестік те өз ықпалын тигізіп отыр. Қалалық кәсіподақ орталығы, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың тұрақты диалогы еңбек жағдайын жақсартуға, өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, пробация есебіндегі азаматтарды еңбекке тарту, ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға қолдау көрсету бағытында да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.
Цифрлық технологиялардың енгізілуі де еңбек саясатын тиімді етуге сеп болды. «Электронды еңбек биржасы» арқылы бос жұмыс орындарына онлайн өтінім беру, жұмыссыз ретінде тіркелу және кеңес алу сияқты қызметтерге қол жеткізу жеңілдеген.
Шымкент қаласы еңбек саласындағы бастамаларымен еңбекке деген құрметті арттырып, халықтың табысын көтеруді мақсат етіп отыр. Алдағы уақытта бұл саясат экономикалық өсіммен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталатыны сөзсіз.