Еңбек нарығындағы өзгерістер: Шымкентте икемді жұмыспен қамту тәжірибесі

Еңбек нарығындағы өзгерістер: Шымкентте икемді жұмыспен қамту тәжірибесі

Шымкент қаласының еңбек нарығында соңғы жылдары үлкен серпін байқалуда. Халықтың еңбекке бейімделу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында икемді жұмыспен қамту үлгілері кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл — тұрақты жұмыс таба алмай жүрген немесе жұмыс уақытына шектеуі бар азаматтар үшін қолайлы шешім.

Икемді жұмыспен қамту дегеніміз — толық емес жұмыс күні, қашықтан жұмыс, маусымдық және жобалық қызмет түрлері. Шымкентте бұл бағыт бойынша жүзеге асып жатқан бастамалар бірқатар әлеуметтік топтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде. Әсіресе жастар мен көпбалалы аналар, зейнет жасына жеткен азаматтар осы форматтағы жұмысқа сұраныс білдіруде.

2025 жылдың алғашқы жартысында қалада 6000-нан астам азамат түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасты. Олардың ішінде икемді жұмыс кестесімен еңбекке тартылғандар көбейіп отыр. Мысалы, “Қоғамдық жұмыс” пен “Жастар практикасы” жобалары жастарға тәжірибе жинауға мүмкіндік берсе, “Күміс жас” бағдарламасы аясында 50 жастан асқан азаматтар икемді режимде еңбекке қайта оралды.

Шағын кәсіп иелері мен жеке бизнес өкілдері үшін де бұл тәжірибе тиімді. Уақытша жұмыс күшін тарту арқылы маусымдық немесе жүктемесі аз кезеңдерде өндірісті тоқтатпай, шығынды азайтуға болады. Қаладағы бірқатар тігін цехтары, логистика және тамақ өнеркәсібі салаларында дәл осындай тәсіл қолданысқа енген.

Сонымен қатар, икемді жұмыспен қамту мүмкіндігі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да жол ашты. Мысалы, Шымкентте қашықтан жұмыс істеуге арналған оқыту курстарынан өткен азаматтар бүгінде цифрлық қызмет көрсету, аударма және контент жасау салаларында онлайн жұмыс істеп жүр. Бұл бағыттар Мансап орталықтары мен Еңбек мобильділігі орталығы арқылы жүйелі түрде насихатталуда.

Мұндай еңбек үлгісі әлеуметтік бейімделу үдерісіне де оң әсерін тигізіп отыр. Көп жағдайда икемді жұмыс адамды белсенді өмірге тартып, тұрақты табыс табуына алғышарт болады. Қала әкімдігі мен тиісті басқармалар осы бағыттағы қолдауды жалғастырып, икемді жұмыспен қамтудың заңдық, ұйымдастырушылық тетіктерін жетілдіруде.

Икемді жұмыс — уақыт талабы. Шымкент еңбек нарығында бұл бағыттың дамуы – қаланың әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өсімінің нақты көрсеткіші. Жұмыс іздеушіге де, жұмыс берушіге де тиімді модель ретінде ендігі жерде бұл жүйе кеңінен қолданыс табады деп күтілуде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ