Шымкент – халық саны жыл сайын қарқынды өсіп жатқан мегаполистердің бірі. Мұндағы ішкі көші-қон үдерісі еліміздің басқа өңірлерінен көшіп келушілердің артуымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, еңбекке қабілетті тұрғындар мен жас отбасылар Шымкентті өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы қала ретінде таңдауда. Алайда бұл үдеріс тұрғын үйге деген сұранысты күрт арттырып, әлеуметтік мәселелердің біріне айналып отыр.
Ішкі көші-қон негізінен жұмыс іздеу, білім алу немесе отбасылық жағдайларға байланысты туындайды. Жаңа келген азаматтар алдымен жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр. Тұрғын үй бағасының жоғарылауы, жалдау құнының үнемі өсуі – ішкі қоныс аударушылардың басты қиындықтарының бірі. Әсіресе жас отбасылар мен табысы төмен азаматтарға баспана табу оңай емес.
Бұл жағдайды реттеу үшін қала әкімдігі тарапынан бірқатар механизмдер қарастырылған. Мысалы, "Бақытты отбасы", "Жастарға арналған тұрғын үй", "Нұрлы жер" бағдарламалары арқылы әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы және толық емес отбасыларға жеңілдетілген шартпен пәтер алуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, арендалық тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынған.
Шымкент қаласының урбанизация деңгейі жоғарылаған сайын инфрақұрылымға деген қажеттілік те арта түсуде. Қоныс аударушылар саны артқан сайын жаңа тұрғын үй кешендері, мектептер мен балабақшалар салу, жол және қоғамдық көлік желісін дамыту – басым бағыттардың бірі болып отыр. Қала билігі тұрғын үй саясатын көші-қон ағынына қарай бейімдеуге күш салуда.
Сонымен қатар, ішкі қоныс аударушылардың тіркелуі мен әлеуметтік бейімделуі де маңызды. Жұмыспен қамту, білім беру, медициналық көмек алу сияқты мәселелер бойынша азаматтар аудандық деңгейдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарына және мансап орталықтарына жүгінуде. Бұл жерлерде көмек пен кеңес беретін мамандар жұмыс істейді.
Мемлекеттік деңгейде де оңтүстік өңірінен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы арқылы халық тығыз шоғырланған аймақтардағы жүктемені азайту көзделуде. Дегенмен, Шымкент – өз әлеуеті мен тартымдылығы арқылы ішкі көштің басты бағыты болып қала бермек.
Ішкі көші-қон мен тұрғын үй мәселесін кешенді шешу – Шымкенттің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды фактор. Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасып, нақты нәтижелер беруі тиіс.