2025 – Еңбек адамы жылы: Шымкент жұмысшыларының үлесі

2025 – Еңбек адамы жылы: Шымкент жұмысшыларының үлесі

2025 жылдың «Еңбек адамы жылы» деп жариялануы – қарапайым жұмысшылардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама еңбек адамының қоғам өміріндегі рөлін насихаттауға, адал еңбектің абыройын көтеруге және еңбекке деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді. Шымкент қаласы да бұл бастаманы белсенді түрде қолдап, нақты шараларды іске асырып отыр.

Шымкент – еңбекқор жандардың мекені. Мұнда түрлі салада адал еңбегімен танылған азаматтар көп. Қала әкімдігі «Еңбек адамы жылы» аясында түрлі номинациялар бойынша үздік мамандарды марапаттау, еңбек адамы туралы деректі бейнероликтер мен мақалалар сериясын дайындау, кәсіптік білім мен жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыру бағытында іс-шаралар өткізуде. Бұл тек құрмет қана емес, сонымен қатар еңбек мәдениетін қалыптастырудағы тәрбиелік маңызы бар шаралар.

Шымкент қаласында еңбек нарығының сұранысына сәйкес, жұмысшы мамандарды даярлау бағытында колледждерде дуальды оқыту жүйесі жолға қойылған. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс негізінде жасалған бұл тәжірибе оқу орны мен өндіріс арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жүйе арқылы студенттер нақты өндіріс жағдайында тәжірибе жинақтап, оқу бітіре сала еңбекке араласа алады.

2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында қаладағы 15 колледжде жұмысшы мамандықтар бойынша 3500-ге жуық студент білім алуда. Олардың басым бөлігі тігінші, құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, аспаз сынды техникалық бағыттарда оқып жүр. Еңбекке бейім жастардың көп болуы болашақтағы өндірістік кадрлардың жетіспеушілігінің алдын алуға сеп болады.

Сонымен қатар, еңбек адамын ұлықтау мақсатында қалалық деңгейде «Үздік жұмысшы», «Еңбек жолы» атты байқаулар ұйымдастырылып, үздік мамандардың жетістіктері насихатталып келеді. Бұл шаралар жастарды еңбекке тартуға, кәсіпке қызығушылығын оятуға септігін тигізеді.

Шымкент қаласы еңбекке ынталандыру бағытында жастарға, көпбалалы аналарға, зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған арнайы жобаларды іске асырып отыр. «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» секілді бағдарламалар еңбекке тартудың нақты құралдарына айналған.

«Еңбек адамы жылы» – қоғам назарын жасырын еңбек иелеріне аударуға мүмкіндік беретін кезең. Шымкент бұл мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, еңбек адамын ел алдында үлгі етуге, қадірін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі жалғастырып келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ