Түркістан облысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Түлкібас ауданында жалпы ұзындығы 108,7 шақырымды құрайтын 13 каналға ауқымды реконструкция жасалды. Оның ішінде 76,3 шақырымы бетонмен қапталып, 32,4 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде су үнемдеу мен тиімді пайдалану көрсеткішін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге сапары барысында атқарылған жұмыстармен арнайы танысып, олардың нәтижелілігін жоғары бағалады. Қазіргі таңда жаңғыртудан өткен каналдарда әрлеу және толық тазарту жұмыстары аяқталуға жақын. Нәтижесінде 8 632 гектар егіс алқабы қайта айналымға енгізіліп, жалпы аудан бойынша суармалы жер көлемі 16 832 гектарға жетті. Бұл көрсеткіш агроөнеркәсіп кешенін дамытумен қатар, жергілікті шаруалардың өнім көлемін арттыруға елеулі ықпал етеді.
Министр өңірлік сапары аясында Сайрам ауданындағы маңызды су нысандарының біріне айналған Жоғарғы Ақсу су торабының жұмысымен де танысты. Қазіргі таңда аталған нысан арқылы секундына 7 текше метр су таратылып, аймақ диқандарының егістіктеріне тіршілік нәрі жеткізілуде. Сапар барысында Нұржан Нұржігітов «Тұран су» мекемесінің қызметкерлері мен Сайрам ауданының диқандарымен кездесіп, су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіріп, пікір алмасты.
Кездесу кезінде министр еліміздің су шаруашылығын дамытуға бағытталған нақты қадамдар туралы мәлімдеді. Атап айтқанда, Түркістан облысының фермерлерін тұрақты түрде суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы қолға алынған. Бұл нысан іске қосылғаннан кейін Сайрам ауданындағы сумен қамту мәселесі түбегейлі шешілмек. Сонымен қатар, министр заманауи су үнемдеу технологияларына көшудің маңыздылығын атап өтті. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан су үнемдеу жүйелерін сатып алу шығындарының 80%-ына дейінгі бөлігін өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ ұңғыма қазу шығындарының да 80%-ы субсидияланатыны жеткізілді. Бұл – шаруалар үшін үлкен қолдау әрі өнімділікке жетудің нақты жолы.
Министр одан әрі «Сайрам-су» су бөгетіне барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аталған нысан арқылы Сайрам-су өзенінің суы оң және сол жағалау магистральды каналдарына бағытталып, 8 760 гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге бұл нысан «Тоғыз» су қоймасына қосымша су жеткізетін стратегиялық маңызға ие.
Өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуда тағы бір маңызды қадам – Түркістан облысының «Қазсушар» филиалына жаңа техникалардың бөлінуі. Министр Нұржан Нұржігітов арнайы техникалардың кілттерін тапсыру рәсіміне қатысты. Жалпы алғанда, филиалға 133 техника бөлінді. Қазіргі уақытта олардың 69-ы пайдалануға берілген. Техникалардың қатарында экскаватор-тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тіркемелер, су тасығыштар, самосвалдар, автокран, тартқыш техникалар, аспалы жабдықтар мен дизельді генераторлар бар. Бұл техникалар каналдарды механикалық жолмен тазалауда және басқа да инженерлік жұмыстарда қолданылады. Жыл соңына дейін қалған техникалар толық жеткізіледі деп күтілуде.
Жыл басынан бері өңірде 330 шақырымға жуық канал механикалық әдіспен тазаланып, су айналымының тиімділігі артты. Бұл – тек Түркістан облысы ғана емес, бүкіл еліміз үшін үлгі боларлық бастама. Су ресурстарын үнемді пайдалану мен тиімді басқару – қазіргі таңдағы аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы бағытта Түркістан өңірінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын байқауға болады.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында су инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Жаңғыртылған каналдар мен су қоймалары, жаңа техникалар мен су үнемдеу технологиялары – мұның бәрі өңір диқандарының әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға жол ашады.