2025–2026 оқу жылының қарсаңында елімізде «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында оқушыларды мектепке дайындау жұмыстары жүргізілуде. Биыл 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілмек, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Қор дәстүрлі түрде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына көмек береді. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды.
Көмек ата-аналардың есепшоттарына аударылады, бұл оларға мектеп формасын, аяқ киім және кеңсе тауарларын өздігінен таңдауға мүмкіндік береді. 2025 жылы бір балаға берілетін ең төменгі сома көлемі – 46 228 теңге.
«Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек көрсету бойынша ашық әрі ыңғайлы тетік қалыптастырды. Бұл қолдау шарасы бүгінде барлық өңірде іске асырылуда», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.