«Барлық ауыл шаруашылығы құрылымының және мүмкіндігінше жеке қосалқы шаруашылықтардың онлайн форматта санақтан өткені маңызды. Біз салалық қауымдастықтармен – астық, сүт, ет және басқалармен өзара ынтымақтастық орнатқанымызды атап өткім келеді. Оған ең ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері шоғырланған бірлестіктер жатады. Олар ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге және оның нәтижелерін алуға мүдделі. Сондай-ақ көптеген шағын шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылықтар бар. Біз үшін респонденттердің осы санатын барынша қамту маңызды», - деді Әсел Шәуенова.
1 тамызда сағат 00:00-ден бастап sanaq.gov.kz сайтындағы сауалнамаларды толтыруға болады. Сауалнама сұрақтарына жауап беру үшін eGovMobile қосымшасынан ЭЦҚ, SMS немесе QR-код арқылы тіркелу қажет. Тіркеу кезінде растау коды көрсетілген электрондық поштаға немесе телефонға жіберіледі. Спикер Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері телефон арқылы хабарласпайтынын және ешқашан төрт таңбалы кодты сұрамайтынын ескертті.
«Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы қолжетімді болады. Біреуі-ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін, екіншісі — баубақшасы, бақшасы немесе малы бар үй шаруашылықтары үшін. Сұрақтар жерді пайдалану, техниканың болуы, малды күтіп-ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу, сондай-ақ еңбек жағдайларына қатысты. Сайтта кеңестер енгізілген, бөлімдерді толтыру бойынша егжей-тегжейлі бейне нұсқаулық орналастырылған, сондай-ақ сұрақтарға бірден жауап беретін арнайы әзірленген Sanaq мырза чат-боты жұмыс істейді. Интернеттегі санақтың үлкен артықшылықтарының бірі-деректерді сақтау мүмкіндігі. Яғни, егер сіз сауалнаманы толтыра бастасаңыз, бірақ аяқтауға уақытыңыз болмаса, кез келген уақытта оралып, тоқтаған жеріңізден жалғастыра аласыз», - деп түсіндірді спикер.
Ұлттық статистика бюросы санақтың өтуіне барлық жағдай жасап, оның қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тырысты. Егер ауылда респонденттің компьютері немесе интернеті болмаса, әкімдіктердегі, аудандық статистика бөлімдеріндегі өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгінуге болады. Қазақстан бойынша барлығы 2 684 осындай пункт қамтамасыз етілді. Олар санақтан өту үшін жабдықталған орын ұсынады және кеңес береді. Егер үй шаруашылығы онлайн санақтан өтпесе, сұхбат берушілер оларды 20 қыркүйектен бастап аралайды. Алайда, егер сауалнама тамыз айында толтырылса, онда ешкім келмейді.
Спикер 20 қыркүйектен басталатын офлайн кезең үшін ауылдарда сұхбат берушілерді қабылдау жүріп жатқанын атап өтті. Жұмысқа орналасуға ниет білдіргендердің бәрі 1446 нөміріне жүгіне алады. Әсел Шәуенова ауыл шаруашылығы санағы он жылда бір рет өткізіліп, тек ұлттық қана емес, халықаралық маңызға ие екенін айтты. Санақ Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы ахуал мен оның дамуын көрсетеді. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақ бағдарламасы аясында өтеді. Биыл санақты Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және басқа да он шақты ел жүргізеді.
«Бұл Қазақстанда санақ жүргізу тәсілдері мен қағидаттары халықаралық стандарттарға сәйкес келетіндігін білдіреді. Сонымен қатар ФАО заманауи цифрлық технологияларды енгізуге баса назар аударады, бұл елдерге шығындарды азайтуға және деректерді өңдеуді жеделдетуге мүмкіндік береді», - деп қосты ол.