Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы шеңберінде ауқымды және жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен бұл бастама бүгінде облыс көлемінде нақты нәтижелер беріп отыр. Апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктер, рейдтік шаралар мен санитарлық бақылаулар — осы бағдарламаның тиімді іске асырылып жатқанын көрсетеді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті апталық мәжілісте өңірдегі экологиялық жағдай, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыланды. Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың қарқыны мен сапасына тоқталды.

Өткен аптада Түркістан облысы бойынша 215 арнайы тазалық шарасы ұйымдастырылып, оған 5759 адам қатысқан. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жалпы 182 тоннадан астам қоқыс шығарылып, қоғамдық орындар, демалыс аймақтары мен көшелер ретке келтірілді. Атап айтқанда, Шардара су қоймасы аумағындағы жағажайларға ерекше назар аударылып, қауіпсіздік пен санитарлық талаптарға сай жұмыстар атқарылды.

Шардара жағажайындағы жағдай да кеңінен талқыланды. Мұнда жүргізілген рейдтік шаралар барысында бірнеше кемшіліктер анықталып, жедел түрде түзету жұмыстары қолға алынған. Жағажайда жалға берілетін 409 сәкі тіркелсе, оның 282-сі кәсіпкерлерге, 111-і жеке тұлғаларға тиесілі екені анықталған. Алайда, бұл орындардың басым көпшілігінде киім ауыстыратын бөлмелер мен санитарлық тораптар болмаған. Қазіргі таңда бұл олқылықтар жойылып, қажетті инфрақұрылым қалпына келтірілді.

Сонымен қатар жағажай маңында қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудандық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 36 хаттама толтырылып, 16 құтқарушы арнайы бекітілді. Жағажай аумағына ескерту белгілері орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Полиция департаменті тарапынан 196 құқықбұзушылық анықталып, 6 кәсіпкерге айыппұл салынды. 15 автокөлік айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 6 демалыс орнында тексеру жұмыстарын жүргізуде.

«Қазсушар» мекемесі жағалауда заңсыз орналасқан кәсіпкерлік нысандарға қатысты құзырлы органдарға арыз жолдап, бұл мәселе де бақылауға алынған. Қазірдің өзінде тиісті жұмыстар басталып, заңсыздықтардың жолы кесілу үстінде.

Облыс әкімдігі тарапынан мұндай бастамалар тек жаз мезгілімен шектелмей, жыл бойы жүйелі түрде жүзеге асырылады. Тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру — бұл бағдарламаның негізгі миссияларының бірі.

Жиын соңында аймақ басшысы Нұралхан Көшеров барлық жауапты мекемелерге «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды күшейтіп, мониторингті тұрақты жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, жергілікті әкімдер мен мекеме басшыларына тұрғындармен тығыз жұмыс жасап, ақпараттық-түсіндіру шараларын жандандыруды жүктеді.

Қорытындылай келе, Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар нақты нәтиже беруде. «Таза Қазақстан» бағдарламасының тұрақты жүзеге асуы — өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жасалған нақты қадам. Ал бұл бағыттағы жүйелі жұмыс — барлық сала өкілдері мен тұрғындардың ортақ жауапкершілігі екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында сауда саласын дамыту...

Ербол Мырзабосынов 2025 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған семсерлесуден Ұлттық құрамамен кездесті. Министр спортшыларды тарихи...