Келесте су арналары жаңарып, ауыл шаруашылығына серпін берілмек

Келесте су арналары жаңарып, ауыл шаруашылығына серпін берілмек

Түркістан облысының Келес ауданында су шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл жалпы ұзындығы 86,9 шақырымды құрайтын 32 канал мен қашыртқыны механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда соның 27,3 шақырымы — 8 су нысаны бойынша жұмыстар атқарылып үлгерген. Бұл – өңірдегі егістік алқаптарын сапалы сумен қамтуда маңызды қадам.

Атап айтқанда, Ошақты ауылдық округінде 16,5 шақырым, Қошқаратада 6,8 шақырым, Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 шақырым канал механикалық тазартудан өтті. Мұндай жүйелі жұмыстар – өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және жердің құнарлылығын сақтауға негіз болмақ.

Келес ауданы әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында су арналарына байланысты түйткілді мәселелер мен болашақ жобалар егжей-тегжейлі талқыланды. Бүгінде ауданның су жүйелері негізінен «Келес ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгерімінде. Жалпы ұзындығы 1 051,2 шақырымды құрайтын 148 канал мен 144 қашыртқы бар.

Аудан аумағынан өтетін Келес өзені бойында стратегиялық маңызы бар Ошақты, Бесабдал және Оймауыт су бөгеттері орналасқан. Сонымен қатар, сыйымдылығы 25 млн текше метрді құрайтын «Ақылбексай» су қоймасы да дәл осы өңірде. Қазіргі таңда мұнда 10,9 млн текше метр су жиналған, ал бөгеттер қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Жиында сондай-ақ алдағы күрделі жөндеуден өтетін каналдар бойынша жобалар таныстырылды. Саңырау каналының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Құны 2,5 млрд теңгелік жоба іске асқан жағдайда 1 850 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 3 900 гектар егістікке ағын су жеткізу мүмкіндігі артады.

Игілік каналы бойынша да жобалық жұмыстар дайын. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан бұл жобаның құны — 1,3 млрд теңге. Ал Шошым каналы да назардан тыс қалған жоқ. Оның жалпы ұзындығы 27,2 шақырым болса, соның 11,5 шақырымы Келес ауданына тиесілі. Қазіргі таңда бұл канал арқылы 725 гектар егістік суарылуда. Жоба іске асқан соң бұл көрсеткіш 1 407 гектарға дейін жетеді деп күтілуде. Жобаның жалпы құны — 5,2 млрд теңге.

Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен тағы 10 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөлінуде. Тамыз айында осы жобаларға қатысты конкурстық рәсімдер жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 4 068 гектар жер қайта айналымға қосылып, су беру сапасы 11 621 гектарға дейін жақсарады.

Аудан әкімдігі тарапынан қолға алынған бұл шаралар — өңірдің аграрлық әлеуетін арттырумен қатар, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге де бағытталған. Су ресурстары — ауыл шаруашылығының күретамыры. Сондықтан оларды тиімді басқару, жаңғырту және сақтап қалу — стратегиялық басымдық.

Келес ауданындағы су арналарының жаңғыртылуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды бастама. Бұл жұмыстардың нәтижесінде суды тиімді пайдалану артып, егістік көлемі ұлғайып, өнімділік жоғарылайды. Ал бұл өз кезегінде, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі мен табыс деңгейіне оң әсер етеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ербол Мырзабосынов 2025 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған семсерлесуден Ұлттық құрамамен кездесті. Министр спортшыларды тарихи...