Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің су нысандары мен инфрақұрылымының қазіргі жағдайымен тікелей танысу үшін тікұшақпен әуеден бақылау жүргізді. Бақылау жұмыстары Арыс, Келес, Қазығұрт, Отырар және Шардара аудандарын қамтыды. Бұл қадам – облыстың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тиімді басқару мақсатында қолға алынған маңызды шаралардың бірі.
Әуе шолуы аясында өңір басшысы Шардара су электр станциясына арнайы барып, мамандармен кездесті. Кездесу барысында су қоймасының жұмыс режимі, техникалық жағдайы мен алдағы жоспарлар талқыланды. Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасындағы судың көлемі төмен деңгейде, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы мен халықты ауыз сумен қамту ісіне кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Нұралхан Көшеров Шардара қаласын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету — басты міндет екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын тапсырды. «Су көлемі азайғанмен, тұрғындарды ауыз сусыз қалдыруға жол берілмеуі керек. Жобалардың іске асырылуын қатаң бақылауда ұстаймыз», — деді ол.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыз сумен қамту бағытындағы қазіргі ахуалды баяндады. Шардара қаласында 31 883 тұрғын, яғни 6 376 үй бар. Қаланың оң жақ бөлігінде орналасқан 12 ықшам ауданда 26 683 адам (5 336 үй) тұрады, оларды сумен қамтамасыз ету көзі — «Шардара» су қоймасы. Ал сол жақ бөліктегі Өтеғұл шағынауданында 5 200 тұрғын (1 040 үй) жер асты суын пайдалануда.
Су қоймасындағы көлемнің азаюына байланысты баламалы шешімдер қарастырылуда. Атап айтқанда, қаланың бас су торабында пантон орнатып, үстіне қуаттылығы сағатына 500 текше метр болатын арнайы насос орналастыру арқылы төмен деңгейдегі суды жоғарыға көтеру жоспары дайындалған. Бұл шешім судың жетіспеушілігіне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, су торабына баламалы су көзі ретінде жақын маңнан жер асты суын тарту жоспары қарастырылған. Осы мақсатта 1,5 шақырым жерде тереңдігі 80–100 метр болатын екі ұңғыманы бұрғылау көзделіп отыр. Бүгінде бір ұңғыманың қазу жұмыстары басталып кеткен. Бұл шара Шардара халқын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етудің сенімді резерв көзі ретінде бағалануда.
Облыс әкімінің бұл сапары — су мәселесінің маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, нақты шешімдер мен жедел әрекет ету алгоритмдерін іске қосуға жол ашты. Әуеден бақылау арқылы жалпы су арналарының жағдайы сараланып, стратегиялық нысандарда орын алған мәселелер анықталды.
Шардараны сумен қамту мәселесі — тек бір ауданның ғана емес, облыстың әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осыған орай, Түркістан облысында су инфрақұрылымын жаңғырту, жер асты су көздерін игеру және дағдарыс жағдайларына дайындық секілді кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Қорытындылай келе, өңір басшысының жеке бақылауы мен нақты тапсырмалары Шардарадағы ауыз су мәселесін жүйелі әрі нәтижелі шешуге негіз болмақ. Су қауіпсіздігі мен тұрғындардың тұрмыс сапасы — Түркістан облысы әкімдігінің басты назарында.