Шолпан-Ата, 2025 жылғы 2 тамыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстанға жасаған ресми сапары аясында Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті, ол саяси диалогтың тұрақты нығаюымен және жан-жақты өзара іс-қимылдың кеңеюімен сипатталады.
ҚР Сыртқы істер министрі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында қазақ-қырғыз қатынастары өзара іс-қимылдың жаңа сапалы деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
«Қазақстан бауырлас Қырғызстанмен өзара құрмет, сенім және мүдделерді ескеру қағидаттарына негізделген одақтастық қатынастарды тереңдетуге берік бейілді. Біз ұзақ мерзімді серіктестікті құруда осы мақсаттарды басшылыққа аламыз», – деді М.Нұртілеу.
Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары соңғы жылдары жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын жан-жақты талқылады, сондай-ақ парламентаралық, үкіметаралық және өңіраралық байланыстарды нығайтуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапарына және Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысын өткізуге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің перспективалары жеке қаралды. Қазақстан Қырғызстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына тұрақты түрде кіреді.
Мемлекет басшыларының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында министрлер экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге, өзара сауда көлемін 3 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға жан-жақты жәрдемдесуге уағдаласты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 1,7 млрд АҚШ долларын құрады.
2026 жылы қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жобасының іске қосылуы, бірлескен инвестициялық жобаларды пысықтау маңызды екені аталып өтті.
Министрлер ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап, энергетика, көлік, логистика, су қатынастары және ауыл шаруашылығы салаларында өзара тиімді іс-қимылды дамытуға дайын екенін білдірді.
Екі мемлекет арасындағы берік және ұзақ мерзімді қатынастардың негізі – мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері жеке қаралды. Өткен жылы Қазақстанда Қырғызстан мәдениетінің күндері және ауқымды іс-шаралар сәтті өтті.
Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының Қырғызстанға ресми сапары қарсаңында Қазақстан киносы күндерін, үшінші қазақ-қырғыз жастар форумын өткізу, сондай-ақ Бішкекте «Алтын достық көпірі» ескерткішін салтанатты ашу жоспарланып отыр.
Кездесу барысында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді». БҰҰ аясындағы тығыз өзара іс-қимылға, сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілетуде өзара қолдау көрсетуге бейілділік расталды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан СІМ басшылары Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысының «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың кешенді жоспарын бекіту туралы» шешімін және Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын дәйектеді.