Химиялық қауіптің алдын алу – азаматтардың амандығының кепілі

Химиялық қауіптің алдын алу – азаматтардың амандығының кепілі

Қазіргі таңда өнеркәсіп пен тұрмыстық химияның кеңінен қолданылуы қоғам өмірінде жаңа қауіптерді туындатуда. Түркістан қаласында да химиялық заттардың қолданылуы түрлі салада байқалады — құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрмыстық тауарлар және тағы басқа бағыттарда. Бұл өз кезегінде, химиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты кешенді шараларды қажет етеді. Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.

Химиялық апаттар — бұл улы немесе жарылғыш заттардың төгілуі, таралуы немесе жарылуы салдарынан болатын төтенше жағдайлар. Мұндай апаттар өндірістік кәсіпорындарда, қоймаларда, тасымалдау кезінде немесе тіпті жеке секторларда орын алуы мүмкін. Түркістан қаласы аймағында химиялық қауіп аз болса да, оның ықтималдығы толығымен жоққа шығарылмайды. Сондықтан да, ТЖБ тарапынан әрқашан дайындық пен түсіндіру шаралары басты назарда ұсталады.

Қаланың аумағында қауіпті химиялық заттармен жұмыс істейтін бірнеше мекеме тіркелген. Бұлар негізінен тұрмыстық химиялық заттарды сақтау және сату, ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғауға арналған препараттарды сақтау қоймалары. Осы мекемелердің барлығы Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының үнемі бақылауында.

ТЖБ қызметкерлері жоспарлы түрде химиялық қауіппен байланысты кәсіпорындарға барып, өрт қауіпсіздігі, улы заттармен жұмыс істеу тәртібі, авариялық жағдай кезіндегі эвакуация ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, азаматтық қорғаныс саласы бойынша объектілердің қызметкерлеріне оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. Бұл жаттығулар барысында қызметкерлер улы заттардың төгілуіне байланысты туындайтын жағдайда не істеу қажет екенін, жеке қорғану құралдарын қалай дұрыс қолдану керектігін меңгереді.

Қауіпті заттармен байланысты оқиғалардың алдын алу үшін қаланың шеткі аймақтарында орналасқан қоймаларға ерекше назар аударылады. Мұндай қоймаларда жарылғыш немесе жанғыш заттар, тыңайтқыштар немесе басқа да қауіпті компоненттер сақталуы мүмкін. ТЖБ тарапынан қоймалардағы заттардың тиісті нормаларға сәйкес сақталуын тексеру — басты міндеттердің бірі. Қауіптің ең кіші белгілері анықталған жағдайда, мекеме әкімшілігіне заңнамалық тұрғыда шара қолдану және жазбаша ескертулер беру тәжірибесі барынша жиі қолданылады.

Сонымен бірге, тұрғындармен жүргізілетін профилактикалық түсіндіру жұмыстары да маңызды рөл атқарады. Түркістан қаласы ТЖБ жыл сайын жүздеген азаматпен тікелей кездесулер өткізеді. Бұл кездесулерде тұрмыстық жағдайда химиялық заттарды дұрыс сақтау, тазалау құралдарын балалардың қолы жетпейтін жерге қою, бос ыдыстарды қайта қолданбау туралы түсіндірмелер беріледі. Сондай-ақ, хлор, бензин, ацетон сияқты қауіпті сұйықтықтарды ашық күйде сақтауға болмайтындығы ескертіледі.

Химиялық апат орын алған жағдайда, ең басты талап – шұғыл эвакуация мен жеке қорғану. ТЖБ мамандары осы бағытта үнемі ақпарат таратып, түрлі жаттығулар арқылы халықты төтенше жағдай кезінде не істеу қажеттігіне үйретеді. Түркістан қаласында орналасқан мектептер мен колледждерде де осындай оқу сабақтары жиі ұйымдастырылады. Бұл балалар мен жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосады.

Химиялық апаттар кезінде қолданылатын жеке қорғану құралдарына противогаз, арнайы маскалар, қорғаныш киімдері және қолғаптар жатады. Қаладағы барлық төтенше жағдайлар қызметтері бұл құралдармен толық қамтамасыз етілген. Құтқарушылар өздерінің дайындық деңгейін үнемі жетілдіріп отырады. Түркістан қаласы ТЖБ базасында жыл сайын бірнеше мәрте химиялық жағдайға арналған тактикалық оқу-жаттығулар өткізіледі.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды химиялық қауіптің алдын алу мен жою мәселелері бойынша онлайн ақпараттандыру жүйесін де дамытып келеді. Әлеуметтік желілер, ресми сайт және мессенджерлер арқылы халыққа шұғыл ескерту хабарламалары жолданады. Мұндай жүйе төтенше жағдай кезінде адамдардың тез әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар – химиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және азайтуға бағытталған. Қауіптің алдын алу әрбір азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды өз денсаулығына бей-жай қарамауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Себебі, кез келген төтенше жағдайды алдын ала болжау мүмкін болмағанымен, оған дайын болу – адам өмірін сақтап қалудың басты жолы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ