Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті. Түркістан қаласында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның аясында Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Отырар сектор алқабында «Интернет алаяқтығы және лудомания құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында ауқымды түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Шараның басты мақсаты – Түркістан қаласы тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, интернет алаяқтарының арбауына түспеудің жолдарын үйрету және құмар ойындарға тәуелділіктің (лудомания) зиянды салдарын түсіндіру. Кездесуге жергілікті халықпен қатар құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар саласының өкілдері қатысты. Олар нақты деректер мен өмірлік мысалдарға сүйене отырып, қатысушыларға қауіп-қатерлерден қалай қорғану керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Интернет-алаяқтық – бүгінде қоғамда жиі кездесетін қылмыстың бірі. Түрлі схемалар арқылы азаматтардың жеке деректері мен қаржылық мәліметтерін алдап алу фактілері көбейіп барады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келетін жалған сілтемелер, жалған банктік қызметкерлердің қоңыраулары, инвестициялық жобалар мен онлайн-сауда платформалары ең қауіпті алаяқтық үлгілеріне жатады.
Іс-шара барысында полиция капитаны Н. Жұмабай тұрғындарға бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сақ болуды, ешкімге банк картасының нөмірі мен SMS кодтарын бермеуді, күдікті сілтемелерге өтпеуді ескертті. Сонымен қатар, алаяқтық фактісі орын алған жағдайда бірден полицияға жүгінудің маңыздылығы айтылды.
Құмар ойындарға тәуелділік – қазіргі қоғамда жасырын түрде таралып жатқан қауіпті құбылыс. Лудомания адамның психологиялық денсаулығына, отбасы тұрақтылығына және материалдық жағдайына кері әсерін тигізеді. Бұл жөнінде мамандар бейнероликтер арқылы нақты мысал келтіріп, жасөспірімдер мен жастарға үлкен ескерту жасады.
Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Бағлан Убайдиллаев өз сөзінде интернеттегі алаяқтықтар мен құмар ойындардың жасырын түрде түрлі жағдайларға себепкер болатынын, олардың зардабы көбіне алдын ала болжауға келмейтінін атап өтті. Осындай киберқылмыстар кейде тіпті отбасы ішіндегі жанжалдарға, психологиялық дағдарыстарға және кейде суицидтік ойларға дейін апаратынын жеткізді.
Сондай-ақ Ішкі саясат бөлімі мен жастар орталығының өкілі С. Ержанқызы өз баяндамасында мұндай шаралардың жастармен жүйелі жұмыс жүргізудің нақты үлгісі екенін айтып өтті. Оның айтуынша, құқықтық мәдениетті қалыптастыру тек оқу орындарында емес, осындай еркін форматтағы кездесулер арқылы да жүзеге асады.
Кездесу соңында тұрғындарға жадынамалар таратылып, бейнематериалдар арқылы ақпарат берілді. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілуін қолдайтындарын айтты.
Түркістан қаласында халықтың құқықтық санасын арттыру мен заманауи қауіптерге қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында осындай алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтудың маңызды тетігі.