Жұмыс орындарын көбейту - кірісті арттырудың кілті

Жұмыс орындарын көбейту - кірісті арттырудың кілті

Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан «Almaty Business - 2025» өңірлік бағдарламасы еңбек саласын дамытудың нақты мысалына айналды. Бұл бастама тек кәсіпкерлікті қолдау емес, сонымен қатар еңбек нарығын жандандыру, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсаттарына да тікелей ықпал етіп отыр. Бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар еңбек адамының бейнесін дәріптеу мен халықтың табысын арттыру бойынша мемлекеттік саясаттың шынайы іске асып жатқанын көрсетеді.

Бағдарлама іске қосылған 2019 жылдан бастап 2025 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта жалпы сомасы 38,3 миллиард теңгеге 750-ден астам жоба қаржыландырылған. Бұл – кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары деңгейін, сондай-ақ мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы сенімді серіктестікті білдіреді. Тікелей қаржыландыру арқылы әртүрлі салада 5 276 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл тек экономикалық көрсеткіш қана емес, бұл – мыңдаған азамат үшін тұрақты табыс, кәсіби даму және өмір сапасының артуы.

Бағдарлама бойынша қаржылай қолдау ең алдымен өндіріс және қайта өңдеу саласына (45%) бағытталған. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Қайта өңдеу – еңбек ресурстарын көп қажет ететін сала, мұнда жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Жаңадан ашылған цехтар мен зауыттарда еңбек қауіпсіздігі стандарттарын сақтау, жұмысшыларды тұрақты оқыту және қайта даярлау ісі де жолға қойылған. Бұл – кадр даярлаудың жаңа моделіне деген сұраныстың өсіп келе жатқанын аңғартады.

Әлеуметтік кәсіпкерлікке бөлінген 21% қаржы да еңбек нарығына оң ықпал етуде. Мұнда көбінесе әлеуметтік осал топтар – мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, жастар жұмыспен қамтылуда. Олардың кәсіп бастауына жағдай жасау – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің және халықтың кірісін арттыру бағдарламасының бір тармағы.

Туризм саласына бағытталған 17% қаражат жаңа жұмыс орындарын тек қызмет көрсету емес, гид, экскурсия жүргізуші, аспаз, анимация қызметкері секілді жұмысшы мамандықтары үшін де ашты. Денсаулық сақтау (11%) мен креативті индустриялар (6%) саласындағы жобалар да заманауи мамандықтарға жол ашып отыр. Ал шағын өнеркәсіп парктеріне бөлінген 1% қаражат – қаланың өндірістік инфрақұрылымын кеңейтудің бір бөлігі.

Аумақтық тұрғыдан алғанда, ең көп қаржыландырылған жобалар Бостандық (147), Алатау (119) және Алмалы (87) аудандарында жүзеге асқан. Бұл аудандарда жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандардың ашылуы жергілікті еңбек нарығына жаңа серпін берді.

Бағдарламаның сәтті жүзеге асуына ықпал еткен факторлардың бірі – револьверлік-қайтару тетігі. «Almaty Finance» басқарма төрағасы Берік Құсайыновтың айтуынша, бюджеттен бөлінген 25,6 миллиард теңге нәтижесінде 38,3 миллиард теңге сомасында жеңілдетілген несие берілген. Бұл қаражат қайта-қайта айналымға түсіп, кәсіпкерлерге тиімді шарттармен қолжетімді қаржыландыру ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл тетік кәсіпкерлікті тұрақты қолдаудың тиімді жолы ретінде бағаланып отыр.

Мұндай бағдарламалардың еңбек қауіпсіздігімен де байланысы тығыз. Жаңа кәсіпорындарда еңбек шарттары заңнамаға сай құрылып, өндірістік жарақаттардың алдын алу бойынша оқыту жүйесі енгізілуде. Сонымен қатар, бағдарлама еңбек мәдениетін қалыптастырып, еңбексүйгіштік қасиетті насихаттауға себепкер болуда.

«Almaty Business - 2025» арқылы қолға алынған жобалар маңызды буынына айналды. Себебі, табыстың артуы ең алдымен тұрақты жұмыс орны мен білікті маман болуға тікелей байланысты. Сонымен қатар, бағдарламаның басым бағыттарының бірі – экспортқа бағытталған және инновациялық жобаларға қолдау көрсету. Бұл Қазақстандағы еңбек нарығының сапалы трансформациясына және жоғары технологиялы мамандықтардың дамуына жол ашады.

Болашаққа көз жүгіртсек, дәл осындай бастамалар «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің де тиімді іске асуына негіз болмақ. Азаматтар тұрақты табыс тапқан жағдайда ғана өз болашағы мен зейнетақы қорына қаражат жинау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарының жылдан жылға сұранысқа ие болуы – кәсіби білім беру жүйесін жаңа форматта дамыту қажеттігін көрсетеді.

Жалпы алғанда, «Almaty Business - 2025» бағдарламасы еңбек саласындағы саясаттың тиімді құралдарының бірі екенін дәлелдеді. Ол жұмыс орындарын ашу, табысты арттыру, әлеуметтік қолдау мен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі. Мұндай тәжірибені өзге өңірлерге тарату – елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтаудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың нақты жолы болары анық.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

В Шымкенте был организован лагерь дружбы «Біз біргеміз» для молодежного крыла Ассамблеи народа Казахстана. В двухдневном мероприятии приняли участие активисты...