Соңғы жылдары елімізде жастар мен ересектер арасында құмар ойындарға тәуелділік – лудомания проблемасы ушығып келеді. Бұл құбылыс тек жеке адамның ғана емес, бүкіл отбасының, қоғамның әлеуметтік, психологиялық, тіпті экономикалық жағдайына кері әсерін тигізуде.
Лудомания – ойын автоматтары, онлайн-казино, спорттық бәс тігу сияқты құмар ойындарға тәуелділік. Бастапқыда «жай ғана қызығушылық» деп басталатын мұндай әрекеттер біртіндеп өмір салтына айналады. Адам ұтылған сайын қайта қайтарып аламын деген үмітпен көбірек ақша салады. Нәтижесінде қарызға батады, туыстарымен қарым-қатынас бұзылады, психологиялық күйзеліске түседі. Мұндай жағдайлар Түркістан қаласында да жиі кездесіп отыр.
Статистика бойынша елімізде құмар ойындарға тәуелді жастардың саны артып келеді. Әсіресе интернет пен мобильді қосымшалар арқылы бәс тігуге мүмкіндік жасалуы лудоманияның таралуын жеңілдетіп отыр. Түркістан қаласының құқық қорғау органдары бұл мәселеге ерекше назар аударып, мектептерде, колледждерде, мешіттерде арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Полиция қызметкерлері мен психолог мамандардың айтуынша, лудомания — бұл жай ерік-жігердің әлсіздігі емес, нағыз тәуелділік. Емделмесе, адамның жеке өмірі мен болашағына үлкен қауіп төндіреді. Осы орайда ата-аналар, мұғалімдер және қоғам белсенділері бірігіп, жасөспірімдер арасында құмар ойындардың зияны туралы ақпараттық науқан жүргізіп, алдын алу шараларын қолға алуы тиіс.
Түркістан қаласында өткен бірқатар кездесулерде жастарға арналған бейнероликтер көрсетіліп, шынайы өмірден алынған мысалдар арқылы лудоманияның қауіпті салдары түсіндірілді. Сонымен қатар қалалық Жастар ресурстық орталығы мен Полиция басқармасының бірлесуімен арнайы буклеттер таратылып, «Лудоманияға жол жоқ» атты акциялар ұйымдастырылды.
Лудоманиямен күресте ақпараттандырумен қатар, психологиялық қолдау да аса маңызды. Жергілікті емханалар мен қоғамдық ұйымдар базасында психологтар тегін кеңес беріп, қажетті жағдайда тәуелділіктен арылуға көмектесетін орталықтарға жолдама берілуде.
Мұндай кешенді шаралар қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, спорт пен шығармашылыққа баулуға бағытталуы тиіс. Құмар ойын – уақытша қызық болғанымен, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан әр азаматтың борышы — тек өзін ғана емес, айналасын да қорғау, лудоманияның алдын алуға атсалысу.