Алматы қаласында құқық қорғау органдары тарапынан жүйелі атқарылып жатқан профилактикалық шаралардың арқасында қылмыс деңгейі біртіндеп төмендеуде. Бұл үрдіс 2024 және 2025 жылдардың маусым айларындағы ресми статистикасымен де дәлелденіп отыр.
Сөзімізге дәлел болсын, биылғы жылдың маусым айында мегаполисте тіркелген жалпы қылмыстар саны 11 659-ды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 945-ке аз. Яғни, 2024 жылдың маусым айында 12 604 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш Алматы қаласында қоғамдық қауіпсіздіктің біртіндеп нығайып келе жатқанын айғақтайды.
Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында полиция тарапынан профилактикалық жұмыс күшейтілген. Құқық қорғау органдары тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, диалог форматындағы кездесулер өткізіп келеді. Әр аудан мен ықшамауданда учаскелік инспекторлар халықпен жиі жүздесіп, проблемалық мәселелерді анықтап, шешу жолдарын бірлесіп қарастыруда. Мұндай ашық әрі сенімді қарым-қатынас құқық бұзушылықтардың алдын алуға зор ықпалын тигізуде.
Жалпы тіркелген қылмыстардың құрылымына назар аударсақ, 2025 жылдың маусымында 9372 қылмыс тіркелген. Ал былтырғы маусым айында бұл сандар 10 572 болған. Яғни, ауыр және орташа ауыр санаттағы қылмыстар азайған. Бұл да құқық қорғау органдарының нақты әрекеттерге көшкенін көрсетеді.
Мысалы, кісі өлтіру фактілері 2024 жылдың маусымымен салыстырғанда екі есеге азайып, 30-дан 15-ке дейін төмендеді. Бұл аса ауыр қылмыстардың да алдын алу бағытында елеулі жұмыстар жүргізіліп жатқанын білдіреді.
Сондай-ақ, тонау, қарақшылық, бұзақылық және ұрлық сияқты қоғамдық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін қылмыстардың саны да айтарлықтай төмендеген. 2025 жылдың маусым айында 147 тонау фактісі тіркелсе, бұл былтырғы көрсеткіштен 95-ке аз (242 болған). Қарақшылық шабуылдар үш есеге азайып, 13-тен 4-ке дейін төмендеген. Бұзақылық 91 жағдайдан 8-ге дейін азайса, ұрлық деректері 3885-тен 2721-ге дейін төмендеген.
Бұл көрсеткіштердің барлығы – құқық қорғау органдарының қоғамдық орындарда бақылауды күшейтіп, жедел әрекет ету шараларын жүзеге асырғанының нәтижесі. Алматы қалалық полиция департаменті тарапынан «Қауіпсіз қала» жобасы аясында бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде, патрульдік полиция топтарының саны артты, ал учаскелік инспекторлардың жұмысы нақты бағалау жүйесіне көшкен.
Сонымен қатар, нашақорлыққа қарсы күрес те назардан тыс қалып отырған жоқ. 2025 жылдың маусым айында есірткіге қатысты 463 дерек тіркеліп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 117-ге көп. Бұл өсім полицияның есірткі қылмыстарына қарсы бағытталған жұмыстарын күшейткенін білдіреді. Яғни, құқық қорғау органдары бұл салада жасырын деректерді анықтап, есірткі тарату арналарын әшкерелеуде нақты шаралар қабылдауда.
Интернет-алаяқтық, фишинг және жалған инвестициялық жобалар арқылы жасалатын қылмыстар жайында полиция тарапынан түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, тұрғындарға онлайн қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде кеңестер берілуде.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мектеп инспекторлары мен психологтармен бірлескен кездесулер, түсіндіру сабақтары, ата-аналар жиналыстарына қатысу – күнделікті тәжірибеге айналған. Бұл өз кезегінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың азаюына ықпал етуде.
Қоғамда «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру – Алматы қаласының құқық қорғау құрылымдарының басты бағытының бірі. Яғни, ұсақ құқық бұзушылықтардың өзіне де бейжай қарамай, құқықтық тәртіпті сақтау – ортақ мақсат ретінде жүзеге асырылып келеді.
Жалпы алғанда, Алматы қаласында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында халық пен полицияның өзара сенімі нығайып келеді. Азаматтардың құқықтық мәдениеті де артып, заңсыз әрекеттерге жол бермеу ортақ жауапкершілікке айналуда. Құқық қорғау органдарының ашықтығы мен халықпен тиімді диалог орнатуы нәтижесінде қылмыс деңгейі біртіндеп төмендеуде. Бұл үрдіс – алдағы уақытта да жалғасын табуға тиіс.