Шымкент қаласы мәслихатының уақытша комиссиясы жылу маусымына дайындық шаралары бойынша бірқатар нысандарды аралады. Қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов дайындық іс-шараларын пысықтады.
Көпшілік алдымен Нұрсәт шағынауданындағы «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Аталған шаралар жылумен қамтамасыз етуді жақсартып қана қоймай, пайдалану шығындарын азайтады және жылу көзінің тұтынушыларға жақын орналасуын пайдалана отырып, жылыту режимін жылдам реттеуге мүмкіндік береді.
Аталған қазандық көпқабатты үйлерді және әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Биыл қазандыққа 12 көпқабатты үй қосылған «Қуатжылуорталық-3» мекемесі өкілдерінің айтуынша, жалпы 350 үйге дейін резерв бар. Қазандықты қаланың солтүстік бөлігіне қосу жобасының екінші кезең жұмыстары аяқталған.
Қала мәслихатының төрағасы баламалы қуат көзін қамтамасыз ету, пайдалану шығындарын азайту жұмыстарын күшейту қажет екенін міндеттеді. Нысанды жаңғырту бойынша тиісті қаражат мәслихат сессиясында қаралатынын атап өтті.
Сондай-ақ, бүгінгі іс-шарада көпшілік Күншығыс шағынауданы №24 үйдің аумағындағы жылу желілерін ауыстыру, 16 шағын аудандағы №41 үйдің жылу жүйелерін жаңғырту, жұқпалы аурулар ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Б.Нарымбетов мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі өз мерзімінде орындау қажет екендігін айтты.