Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен Астанада жастар денсаулық орталықтары мен «Жанұя» отбасылық институтын қолдау орталығында мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Мониторинг тобына Ұлттық комиссияның мүшелері, Мәжіліс депутаты Снежана Имашева, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның өкілдері кірді.
Топ мүшелері №10 қалалық емхана базасында орналасқан «Өзіңді тап» орталығына барды. Бұл – бес қабатты заманауи ғимарат, әр қабаты «Өзіңе жол» философиясына негізделген. Бұл жолды балалар ата-аналарымен бірге жүріп өтеді.
Орталық психологының айтуынша, көбіне ата-анамен қарым-қатынас, өзін-өзі бағаламау және депрессиялық көңіл-күй мәселелерімен жүгінеді. Сондай-ақ, болашақ аналар – жасөспірім қыздар да келеді, оларға гинеколог қызмет көрсетеді. Орталыққа 6 оқу орны бекітілген. Мұнда оқушылар ҰБТ-ға дайындық кезінде ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан қысым болғанда психологиялық қолдау алады. Біреулерге бір-ақ кеңес жеткілікті болса, кейбіріне бірнеше кездесу қажет болады.
Ай сайын бұл орталыққа 100-200 адам келеді.
Кездесу барысында Астана қаласы әкімдігі жанындағы комиссияның бас инспекторы Қарлығаш Сәркенова қазіргі таңда елордада 11 жастар денсаулық орталығы мен 1 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейтінін атап өтті.
Мәселен, «Шуақ» жастар денсаулық орталығы №5 қалалық емхана базасында орналасқан. 2008 жылы ашылған орталық 10 жастан 29 жасқа дейінгі балалар мен жастарға кең ауқымды қызмет көрсетеді және 8 мектеппен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 6650-ден астам оқушыны қамтып отыр.
«Біздің орталықта әлеуметтік қызметкер, заңгер, психолог, уролог және гинеколог жұмыс істейді. Біз 10-18 жастағы балаларды және 18-29 жастағы жастарды қабылдаймыз.
Ересектерге – отбасын жоспарлау қызметі, жасөспірімдерге – уролог пен гинеколог кабинеттері қолжетімді», – деді орталықтың әлеуметтік қызметкері Анна Нафикова.
Орталықта тренингтер өтетін зал бар. Мұнда дебаттар, флешмобтар ұйымдастырылады. Ең жиі көтерілетін мәселелер – буллинг пен отбасылық жанжалдар.
«Қазіргі таңда Қазақстанда осындай 100-ден астам орталық бар, – дейді Мәжіліс депутаты. – Олар жастарға тегін психологиялық және медициналық көмек көрсетеді. Бәрі де артық құжатсыз, қолжетімді болуы үшін ұйымдастырылған. Алайда басты мәселе – жастардың аз қамтылуы. Орталықтар туралы көп адам білмейді. Тіпті ата-аналар да хабарсыз. Сонымен қатар, бұл орталықтар негізінен қалада шоғырланған, ал ауылдық жерде олар мүлде жоқ немесе қолжетімсіз», – деді спикер.
«Жанұя» отбасыларды қолдау орталығына сапар барысында мекеме басшылығы орталықтың нормативтік актілерге сүйене отырып, қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсететінін жеткізді. Орталық FSM Social мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилоттық жобаға қатысуда. Бұл жүйе әртүрлі сала мамандарының бірлесіп әрекет етіп, әлеуметтік осал отбасыларды анықтауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 470-тен астам маман осы жүйе бойынша оқудан өтті, аудандарда жедел әрекет ету топтары құрылды.
«Орталық тек шұғыл көмекпен шектелмейді: психологтар мен медиаторлар арқылы алдын алу жұмыстары да жүргізіледі.
Алты айда 1500-ден астам өтініш келіп түсті. Жүздеген келісім жасалып, 79 отбасы қайта татуласты. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған ағартушылық шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Тренингтер, тікелей эфирлер, дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылады. Оған психологтар, заңгерлер, Аналар мен Әкелер кеңесінің өкілдері қатысады. Бұл – жауапты ата-аналық мәдениетті қалыптастыруға үлкен үлес», – дейді орталық мамандары.
Жыл басынан бері орталық 49 отбасын әлеуметтік сүйемелдеуге алған. Олардың қатарында – көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған, жетім балалар тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Оларға құжат рәсімдеу, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу бағытында 158 жеке жоспар әзірленген.
Бұдан бөлек, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әрекет ету бағытында 8 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. «Жанұя» орталығы жәбірленген әйелдер мен балаларға алғашқы көмек көрсетіп, тиісті мекемелерге жолдайды.
Сонымен қатар, орталық талдау және әдістемелік функцияларды орындайды – деректер жинап, көмектің тиімділігін бағалап, отбасы саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді. Қазіргі өзекті мәселелердің бірі – қиын өмірлік жағдайға тап болған, бірақ зорлық көрмеген отбасылар үшін уақытша баспана ұйымдастыру.
«Мұндай орталықтардың басты артықшылығы – қолжетімділік пен құпиялылық. Жастар алдын ала жазылмай-ақ, кез келген уақытта келіп көмек ала алады. Біз балалар мен жасөспірімдердің өз еркімен немесе ата-анасымен бірге келіп жатқанына куә болдық – бұл орталықтарға деген сенімнің белгісі. Орталықтардың санын көбейту – маңызды мәселе. Бірақ қазіргі міндет – олардың алдын алу және ақпараттық жұмыстарын күшейту. Қоғамдық денсаулық басқармасымен бірлесіп, біз осы бағыттағы тиімділікті арттыруға күш салып жатырмыз», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.