Қарағандыда құқықтық мәдениет пен жастардың қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға арналған ортақ бастама

Қарағандыда құқықтық мәдениет пен жастардың қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға арналған ортақ бастама

2025 жылғы 14 тамызда Қарағанды қаласында құқықтық мәдениетті арттыру мен жастардың салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған екі маңызды іс-шара өтті. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен бұл бастамалар қала тұрғындары мен қонақтарына құқықтық білім мен өмірлік маңызды ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Алғашқы шара - «Таир» сауда қалашығында ұйымдастырылған құқықтық мәдениет жәрмеңкесі. Мұнда тұрғындар заңнаманың негізгі нормалары бойынша кеңес алып, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен заңсыз әрекеттерге бару салдарынан туындайтын жауапкершілік туралы толық мағлұмат алды. Келушілер өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей құқық қорғау органдарының өкілдеріне қойып, нақты жауаптар алды.

- Азаматтардың құқықтық білімге деген белсенділігі мен қызығушылығы қуантады. Бұл сенімді нығайтып, полиция мен халық арасындағы өзара түсіністі арттырады, – деді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Сол күні Қарағанды қаласының Орталық саябағында жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға арналған кең көлемді кездесу өтті. Қаладағы жастар ресурстық орталығы мен облыстық полиция департаменті ұйымдастырған бұл жиында жастарға есірткі заттарының жаңа түрлері, олардың адам ағзасына зияны мен құқықтық салдары түсіндірілді. Басты тақырып – «Нашақорлықтың жаңа түрлері, жастар арасындағы нашақорлық мәселесі» болды.

Кездесу барысында Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Мустафаев Бахытжан Кожахметович:

«Қазіргі уақытта синтетикалық есірткілердің түрі көбейіп барады. Олар көзге көрінбейтін, иіссіз, бірақ өте қауіпті. Біз жастарға бұл заттардың қандай қауіп төндіретінін ашық айтуымыз керек. Әрбір жас заңды да, денсаулығын да ойлауы тиіс», - деп атап өтті.

Сонымен қатар, кинологиялық қызмет мамандары есірткімен күрестегі иттердің рөлін көрсетіп, нақты әдістерін таныстырды. Жастар мамандарға көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мұндай ашық форматтағы кездесулер олардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын таңдауға ынталандырады.

Бұл екі іс-шара бір күнде өтіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен қоғамның қауіпсіздігі жолындағы біртұтас мақсатты айқындады. Қарағанды қаласының тұрғындары мен жастары үшін ұйымдастырылған бұл бастамалар заңға құрметпен қарау және зиянды әдеттерден бас тарту мәдениетін нығайтуда маңызды рөл атқарды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ