Шымкент қаласында спорттық атудан XVI Азия чемпионаты ресми түрде ашылды. Ауқымды спорттық шараның ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Бас Прокуроры әрі Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин қатысты.
Салтанатты рәсімде қала басшысы жарысқа қатысушыларды құттықтап, спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тіледі. Ол ұйымдастырушыларға, спорт федерацияларына және турнирді жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Әкімнің айтуынша, мұндай халықаралық додалар Шымкенттің спорт орталығы ретіндегі мәртебесін арттырып қана қоймай, жастардың спортқа деген қызығушылығын күшейтеді.
Чемпионаттың ашылуында мәртебелі қонақтар да бой көрсетті. Олардың қатарында Халықаралық спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси, Азия ату конфедерациясының басшысы шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах және әлемдік спорт ұйымдарының өкілдері бар. Бұл қонақтардың келуі чемпионаттың халықаралық деңгейін айқындай түсті.
Жарыстар 16–30 тамыз аралығында «Shymkent Shooting Plaza» базасында өтуде. 27 мемлекеттен келген 800-ге жуық спортшы «тапанша», «мылтық», «қозғалмалы нысана», «стендтік ату», «трап», «скит» және «скит-микс» санаттарында сынға түсуде. Барлығы 700-ден астам медаль сарапқа салынады.
Айта кетсек, чемпионат екі олимпиадалық спорт түрі бойынша – нысана көздеу және стендтік ату сайыстарын да қамтиды. Бұл жарыстар спортшылардың шеберлігін шыңдап, олардың халықаралық рейтингін анықтауға ықпал етеді. Сонымен бірге, төрешілер мен жаттықтырушыларға кәсіби тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Азия чемпионаты Шымкенттің спорт инфрақұрылымының дамығанын айқындап, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыруға елеулі үлес қосары сөзсіз.