Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жаңа өнімді үздіксіз қабылдау үшін астық қабылдау пункттерін босатпақ

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жаңа өнімді үздіксіз қабылдау үшін астық қабылдау пункттерін босатпақ

Жаппай егін жинау науқаны басталған сәттен күн тәртібіне шыққан негізгі мәселенің бірі – жаңа өнімді қабылдауға бос орындардың болуы. Осыған байланысты Азық-түлік келісімшарт корпорациясы негізгі астықты өңірлерде астық қабылдау пункттерін босатып, егін жинау науқанының үздіксіз жүруін қамтамасыз етуі тиіс, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Мұндай міндетті корпорацияға жедел штабтың отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жүктеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, астық қабылдау пункттерінің қарамағында 13,3 млн тонна орын бар, оның тек 2,2 млн тоннасы (16%) толтырылған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздерінде 17,4 млн тонна астық сақтау мүмкіндіктері бар.

«Біз өңірлердегі, әсіресе астықты аймақтардағы элеваторларды толтыру мәселесін талдадық. Орта есеппен алғанда жүктеме деңгейі төмен, алайда фермерлер жиі пайдаланатын жекелеген астық қабылдау пункттерінде бұл көрсеткіш 61%-ға дейін жетеді», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Оңтайландыру мақсатында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы астықты экспортқа және ішкі нарыққа өткізіп жатыр. 2024-2025 маркетинг жылдары рекордтық көлемдегі – 1,2 млн тонна астық сатылды. Экспортқа күн сайын жөнелтілуде, қыркүйек айында барлық жасалған келісімшарттар бойынша астық жеткізуді аяқтау жоспарланған. Жаппай егін жинау кезеңінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы, қажет болған жағдайда, астықты басқа өңірлерге тасымалдайтын болады.

Жиында астықты аймақтардың әкімдіктері жаңа өнімді кептіруге арналған арзандатылған дизель отыны мен газдың қосымша көлемін бөлу мәселесін көтерді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, шаруаларға литрі 228 теңгеден 402 мың тонна дизель отыны бөлінген. Дәнді кептіру үшін ауа райына байланысты тағы шамамен 79 мың тонна қажет болады.

Серік Жұманғарин өңірлерге АШМ-мен бірлесіп қажетті көлемді есептеп шығарып, оны жеткізу кестесіне енгізуді, ал Энергетика министрлігіне – сол отынмен қамтамасыз етуді тапсырды.

Отырыста сондай-ақ оңтүстік өңірлердегі вегетациялық кезеңнің өту барысы қаралды.

Қызылорда облысында 189,6 мың га егістік, оның ішінде 85,2 мың га күріш суармалы сумен қамтамасыз етілуде. Су жеткізуге «Қазсушар» және шаруа қожалықтары пайдаланатын 357 сорғы стансасы тартылған. Алматы және Жетісу облыстарында вегетация тұрақты өтуде. Жамбыл облысында 3262 га қант қызылшасы егістігі белгіленген кестеге сай суарылып отыр. Меркі ауданында (1822 га) егістіктер қазан айына дейін ішкі көздерден суарылады, Байзақ (292 га) және Қордай (170 га) аудандарында суару 20 қыркүйекке дейін ротациялық жүйе бойынша өтеді. Асы бөлімшесінде (271 га) бұл жұмыстарды 15 қыркүйекте аяқтау жоспарланған.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары барлық өңірлерге егін жинау барысында туындайтын фермерлердің мәселелеріне жедел ден қоюды және оларды тікелей орталық мемлекеттік органдармен шешуді тапсырды.

Анықтама:

Жаңа өнімді жинау еліміздің барлық өңірлерінде жүріп жатыр. 28 тамыздағы жедел мәлімет бойынша, 3 млн га астық жиналды (барлық астық алқаптарының 18,9%-ы), 4,3 млн тонна астық бастырылды, орташа өнімділік 14,2 ц/га құрады. Сонымен қатар, 74,2 мың тонна майлы дақылдар (өнімділік 7,3 ц/га), 636,2 мың тонна картоп, 1,8 млн тонна басқа көкөністер, 2 млн тонна бақша өнімдері жиналды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ