Заң бәріне ортақ

Заң бәріне ортақ

Қазіргі қоғамда Қазақстан Республикасының егемендігін, аумақтық тұтастығын қорғау мәселесі айрықша маңызға ие. Өткен жылы бірқатар өңірлерде елдің бірлігіне сызат түсіретін, жеке мүдде үшін мемлекеттен бөлінуге шақырған жағдайлар тіркелді. Мұндай әрекеттер еліміздің конституциялық құрылысына қайшы келеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 2-тармағында Республиканың егемендігі бүкіл аумағына қолданылатыны және мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз ететіні нақты жазылған. Бұл қағидат – Қазақстан мемлекеттілігінің берік тірегі.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 180-бабына сәйкес, мемлекеттің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды әзірлеу және тарату ауыр қылмыс болып саналады. Бұл үшін азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Сонымен қатар, Конституция Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтарын мойындайды және оларға кепілдік береді. Дегенмен, әрбір азамат өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыра отырып, басқа адамдардың құқықтарына қол сұқпауға, қоғамға және мемлекетке зиян келтірмеуге міндетті. Конституцияның 12-бабында адамның еркіндігі ешқашан елдің конституциялық құрылысына немесе қоғамдық имандылыққа қайшы келмеуі тиіс деп көрсетілген.

Ең маңыздысы – мұндай қылмыстарға ескіру мерзімі қолданылмайды. Бұл норма Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 39-бабының 1-бөлігінде және 71-бабының 6-бөлігінде нақты бекітілген. Бұл мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мәселесіне қатысты қатаң әрі принципті ұстанымын білдіреді.

Осылайша, Қазақстанда заң бәріне ортақ. Әр азамат құқықтарымен бірге міндеттерді де орындай отырып, мемлекеттің тұтастығын қорғауға үлес қосуға тиіс. Қоғамдық қауіпсіздікті, ел бірлігін қамтамасыз ету – ортақ жауапкершілік.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі...