Ордабасы ауданында «QazGarden» қарқынды алма бағын және сүйекті жеміс-жидек дақылдарын отырғызу бойынша инвестициялық жоба белсенді түрде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаның бастамашысы – негізгі қызмет бағыты дәнді және сүйекті жеміс дақылдарын өсіру болып табылатын «QazGarden» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.
Жоба аясында 240 гектар бақты кезең-кезеңімен отырғызу көзделген. Бүгінгі күні 60 гектар жер игерілді, оның ішінде 11 гектарын интенсивті алма бағы, 49 гектарын өрік, шабдалы, нектарин және алхоры құрайды.
Жобаны жүзеге асыру үшін 2020 жылы Түркиядан жоғары сапалы жеміс ағаштарының көшеттері сатып алынды, заманауи тамшылатып суару жүйесі және бұршақтан қорғайтын тор орнатылды. Барлығы 70 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Кәсіпорын арнайы ауыл шаруашылығы техникасымен, соның ішінде тракторлармен, бүріккіштермен, шағын тиегіштермен және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаның инвестиция көлемі 700 млн теңгені құрады, ал кәсіпорын активтерінің ағымдағы құны 2 млрд теңгеге бағалануда.
Алдағы уақытта бақ аумағын кеңейту және өндірістік базаны дамыту жоспарлануда.
Жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті әрі экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыруға ықпал етеді.