135 қатысушы елдің арасынан Қазақстанды Халықаралық IFIP қауымдастығының таңдап алуы – еліміздің инклюзивті және арнайы білім беруді дамытудағы айқын қадамдарының әрі жетістіктерінің нәтижесі.
Қазіргі таңда еліміздің мектептерінің 90%-ында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған, 85%-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Соңғы екі жылда арнайы білім беру ұйымдарының желісі екі есе артып, 213-тен 508-ге жетті. «Педагог-ассистент», «арнайы педагог», «жеке көмекші» жаңа лауазымдары енгізілді. Ұлттық деңгейде «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» Заң әзірленуде.
Дүниежүзілік конгресс инклюзивті және арнайы білім беру жүйесін одан әрі дамытуға тың серпін береді.
«World Inclusion Congress 2025 – инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы халықаралық бастама. Конгресстің Қазақстанда өтуі – әділетті әрі инклюзивті қоғам құруға деген ұмтылысымызды көрсетеді, сонымен бірге білім беру реформаларындағы жетістіктеріміз бен инновацияларды енгізудегі нәтижелерімізді айқындайды. Халықаралық корпорациялық көшбасшылардың қатысуы еліміздің тәжірибесіне назар аудартып қана қоймай, жаңа инвестициялар тартуға стратегиялық мүмкіндіктер ашады», – деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы қаласындағы жұмыс сапары барысында.
Конгресс практикалық іске асыруға басымдық беру, үшжақты тәсіл (педагогикалық инновациялар, технологиялық жетістіктер, корпоративтік ынтымақтастық), жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдануға екпін қоюмен ерекшеленеді. Бағдарламада пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтары және әлемдік сарапшылардың баяндамалары қамтылған.
Шараға 50 елден 400-ден астам делегат қатысады деп күтілуде. Нәтижесінде инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі халықаралық міндеттемелерді бекітетін Алматы декларациясы қабылданады.