Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII cъезіне қатысу үшін Астанаға келген Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
Президент бүгінгі кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тағы бір маңызды қадам екенін атап өтті.
– Ең алдымен, Съезге арнайы келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің бұл жиынға қатысуыңыз, шын мәнінде, форумның табысты өту тұрғысынан маңызды. Біз Сізді құрметтейміз. Өзіңізге мәлім, Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктес, одақтас елдер, – деді Мемлекет басшысы.
Патриарх Кирилл Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Орыс православие шіркеуінің миссиясы халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту екенін мәлімдеді.
– Қасиетті Қазақстанға келу мені әрдайым қуантады. Бұл біздің достас еліміз. Ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келеміз. Қазір мемлекеттеріміз бөлек болғанымен, достық, өзара қолдау және ынтымақтастық тінін берік жалғап отырмыз, – деді Мәскеу Патриархатының басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін әрі айрықша құрмет белгісі ретінде Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.