Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Veolia компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Келіссөзге Қазақстан мен Францияның дипломатиялық құрылымдары, ТКШ саласындағы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Veolia компаниясы – сумен жабдықтау және тазарту, қалдықтарды өңдеу, экологиялық қызмет көрсету саласында әлемдік көшбасшылардың бірі. Бүгінде 100-ден астам елде жобаларды жүзеге асырып келеді. Veolia Қазақстанды орнықты сумен қамту мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту тұрғысынан әлеуетті нарық ретінде қарастырып отыр. Сонымен қатар компания су саласындағы жобаларға, орталықтандырылған жылумен жабдықтау нысандарын пайдалану және жаңғырту жұмыстарына қатысу мүмкіндігін зерттеуде.
Кездесу барысында Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысы қойған негізгі инфрақұрылымдық міндеттерді атап өтті. Ол іске асырылып жатқан «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4,7 мың км су құбыры, 2,6 мың км кәріз желілері жаңартылып, еліміздің барлық ірі қалаларында 38 кәріз-тазарту нысаны салынатынын жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қысқа мерзім ішінде басымдық берілетін аймақтар мен нысандарды айқындайтын бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты.