Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Тәшенова апелляциялық соттан белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайға қатысты бұған дейін шыққан сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Еске салайық, биыл көктемде ерлі-зайыптылар Бауыржан Байбекті «жемқор» деп айыптап бірнеше видеоролик жариялаған болатын. Мұнан кейін партия Төрағасының бірінші орынбасары азаматтық сотқа жүгініп, өзінің ар-намысы мен беделін заң шеңберінде қорғайтынын мәлімдеді. Маусым айында басталған сот процесінде судья Байбектің талап-арызын қанағаттандырып, Мамай мен Иманбайды аталған видеороликтерді Интернеттен өшіруге міндеттеді. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар 800 мың теңге көлеміндегі сот шығынын да өтеуі тиіс.
Алайда, сот шешімімен келіспейтінін айтқан белсенділер апелляциялық шағым түсірді. Олар аталған шешімнің күшін жоюды сұрап отыр. Байбектің заңгері Айжан Тәшенова болса сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрап, бұл жайттың өзгелерге сабақ болатынын айтты.
«Адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиеті – біздің Конституциямызда, оның қызмет түріне немесе қоғамдық мәртебесіне қарамастан, әркімге кепілдік берілетін мызғымас іргелі құқықтар», - деді заңгер.
Оның айтуынша, бүгінгі күні кез келген адам өзінің әлеуметтік мәртебесі мен жағдайына, саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан, сотта өзінің адал есімін заңды түрде қорғай алатынына сенімді болуы керек.
«Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 408, 424, 430-баптарын басшылыққа ала отырып, Алматы қаласы Әуезов ауданы №2 аудандық сотының Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап-арызы бойынша шешімін өзгеріссіз қалдыруды, жауапкерлердің апелляциялық шағымын қанағаттармауды сұраймын», - деді А.Ташенова.