Психологиялық салон: отбасы татулығын сақтауға көмектеседі

Психологиялық салон: отбасы татулығын сақтауға көмектеседі

Шымкентте дағдарыс орталықтарынан «Психологиялық салон» ашылды. Салондағы психологтар отбасындағы зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын жақсартуға, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілікті жоюға көмектеседі. Тұрмыстық түйткілдердің түйінін тарқатуға тырысқандар көкейдегі көп сұраққа психологиялық салоннан жауап табуда.
Осы жобаның авторы – Қазақстан Кәсіби психологтар лигасының мүшесі, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Лимана Қойшиева.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі ретінде өңірлердегі отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайларға назар аударып отырамыз. Өкінішке қарай, жасөспірімдерді зорлау, суицид сияқты оқиғалардың көбі Оңтүстік өңірлерде орын алып жатуы қатты толғандырды.
Осы оймен Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасына «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры атынан жоба ұсындық. Жобамыз құпталған соң бірден іске кірістік. Миллионнан астам халқы бар Шымкенттің өзіне тән ерекшелігі де жоқ емес.

Жалпы отбасында кездесетін зорлық-зомбылықтың 4 түрі бар:
- Физикалық (ұру, соғу, күш көрсету);
- Сексуалдық (еріксіз жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу);
- Моральдық (психологиялық қысым көрсету, намысқа тию, балағаттау);
- Материалдық (қаржылық қысым көрсету, банк картасын алып қою, несие алдыру, мүлкін иемдену).
Несін жасырамыз, отбасындағы зорлық-зомбылыққа көп ретте әйелдің өзі кінәлі болады. Әйелдің «диванды өзім жылжыта саламын», «10-20 келі картопты өзім көтеріп әкеле саламын» деп еркектің алдына түсіп кетуінен қорқу керек. Әйел бұл әрекетін «Ол тұрып, істеймін дегенше, өзім тындыра салғаным дұрыс қой» деп түсіндіреді. Осылайша «өзім істей саламын» арқылы күйеуін әлеуметтік мүгедек етеді. Күйеуінде әйелін сыйламау, құрметтемеу, жаны ашымау басталады. Әйелдің тек қонаққа барарда әдемі киінуі, қонақ келгенде ғана дәмді ас пісіруі... қалған уақытта салпы етек болып жүру, шаш тарамау осының бәрі де ұсақ-түйек болғаныммен күйеуінің әйеліне деген көзқарасын өзгертеді. Еркекке әйелдің «мен сенен ақылдымын» деуі үлкен қателік. Әйелдерден «Мені сыйламайды, төркініме жібермейді, ақша таппайды» деген шағымды жиі естимін. Отбасы – шағын мемлекет. Оның ішкі ережелерін әйелі мен күйеуі бірлесіп отырып жасайды. Олай болса отбасын сақтап қалу, нығайту да екеуіне бірдей міндет. «Менікі, сенікі» деген түсініктен арылып, «біздікі» деген ереже құрып, оны қатаң сақтау басталған кезде отбасының берекесі кіре бастайды. «Мен, сен» дей берген үйден береке кетеді. Өз ережесін тықпалаған ердің де, әйелдің де бір-біріне құрметі қалмайды.
Тәжірибе көрсеткендей, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктің басты себебі бірін-бірі қабылдамаудан пайда болады. Күйеуі әйелін «менің меншігім» деп есептеуі, ал, әйелдің ерін өз ыңғайына қарай өзгертуге талпынуы түсіне алмаудың бастамасы.
Естеріңізде болсын, әр адам өзін ғана өзгерте алады. Әйел алдымен өзі өзгеріп, өсіп дамуы арқылы ғана күйеуіне ықпал жасайды. Тәрбиесі бөлек, түсінік, танымы бөлек екі жанның 100% келісімге келуі мүмкін емес. Әр жағдайды жеке саралап, дұрыс-бұрысын ажыратып алу керек.

 Отбасы берекесін сақтап қалғысы келген адам алдымен өзі өзгерсе болғаны. Ықпал ету арқылы жұбын да өзгерте алады.

Біздің салонның есігі 7 жасар баладан 70-80-нен асқан қарияға дейін ашық. Кез-келген мәселеде білікті мамандар психологиялық көмек көрсетуге дайын.
Шынын айтқанда өздігінен келетіндер тым аз. Проблемалардан шығудың жолын таппай қиналғанда не әйелі (күйеуі), досы, туысқаны ертіп келуде.
Жалпы, салонның мақсаты, отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау. Психологиялық салон әлеуметтік осал топтарға тегін алғашқы көмек көрсетеді. Сондай-ақ, орталықта заңгер кеңесіне де жүгінуге болады, деп хабарлайды no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...