Индустриалды аймақтар қала экономикасының дамуына зор үлес қосып жатыр. Олар қала экономикасын өрге сүйреуші негізгі драйвер десек те артық айтқандық емес. Себебі, өндірістік аймақтарда дайын өнімдер өндіріліп, сол шығарылған тауардан түскен пайданың бір бөлігі шаһар бюджетіне салық ретінде түседі. Нақты айтар болсақ, Шымкенттегі қос индустриалды аймақтың территориясы 427 гектарды құрайды. Оған 90 миллиард 100 миллион теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде индустриялық аймақтар құрылғалы онда орналасқан кәсіпорындар 260 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, оның 110,9 млрд. теңгелік өнімін шетелдерге экспорттаған. Индустриалық аймақ қатысушылары 5 500 адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттік бюджетке 19,5 млрд. теңге салық төлеген. Соның нәтижесінде қаланың экономикасы тұрақталып, халықтың жұмысқа орналасуы арқылы әлеуметтік мәселесі шешімін табуда.
Бүгінде Шымкенттегі «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары өндіріс орындарына жүз пайыз толған. Ендігі кезекті қала экономикасының әлеуетін барынша арттыру мақсатында тағы 4 индустриалды аймақ ашу жоспарланып отыр.
Оның біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір ол жерге инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда шамамен құны 200 млрд. теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорын ашылады деп күтілуде. Аймаққа инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Бүгіннің өзінде 100 млрд. теңгеге 25 инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Келісімдерге сәйкес биыл 10 жобаның құрылысы басталады.
Екіншісі – ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда құны 23 млрд.теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Ал, үшіншісі 136 гектарды алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені аймағы. Мұнда 30 млрд. теңгеге 2 мың жұмыс орнымен 20 жоба іске асатын болады.
Шымкент қаласында ашылатын төртінші индустриалды аймақ —«Стандарт» жеке индустриалды аймағы. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады деп жоспарланған. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылуы көзделген.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Шымкент қаласы өнеркәсібі — экономиканың негiзiн қалайтын және айқындайтын секторлардың бiріне айналды. Олай дейтініміз, 2020 жылы Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп өнімдері құрады.
Сонау 1991 жылы қаланың өнеркәсіп орындарымен 9,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 654,2 млрд. теңгеге дейін өскен. Осынау өсімге бүгін біз сөз еткен индустриялды аймақтардың да қомақты үлес қосқаны талассыз, деп хабарлайды no-comment.kz.