Мемлекетіміздің тұғырын бекітіп, алдағы бағыт-бағдарын, кемел келешегін дәйектеп берген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ білім саласының көкжиегін кеңейтуге басымдық берді. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы көптеген игіліктерге жол ашты. Соның нәтижесінде еліміздегі білім жүйесі әлемдік үдерістерден кейін қалмай, жылдан жылға дамып келеді. Бұл ретте тәуелсіздік жылдары бой көтерген білім ұяларының алар орны ерекше.
Биылғы жаңа оқу жылы ел өміріндегі маңызды оқиға – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі білімді ұрпақтың қолында екені ұдайы айтылып келеді. Бұл тек сөз жүзінде қалып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан білім сапасын арттыруға, мектеп және балабақшамен қамту, мектептерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, шет елде білім алуға мүмкіндіктер жасалып келеді. Айталық, тәуелсіздік жылдары білім саласына қарасты нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрылыс қарқынды дамыды.
Дерек дәйекті болсын деп келтіре кетейін, бүгінде елімізде 7 440 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда жалпы саны 3,4 млн бала білім алады. 30 жылдың ішінде республикада 1 800-ден астам мектеп бой көтерген. Нәтижесінде 4 ауысымда жұмыс істейтін мектептер жойылып, 3 ауысымда білім беретін мектептер саны әжептәуір қысқарды. Оқушылардың орын тапшылығы төмендеп, апатты мектептер саны азайды. Бір ғана Шымкент қаласында тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы және арнайы түзілген «Жол картасы» аясында 66 881 орынға 98 мектеп салынған. Осы жылдары дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мектептер, Назарбаев Зияткерлік мектептер желісі құрылып, білім беру ұйымдарының 85 пайызына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл өз кезегінде оқушыларды сапалы біліммен қамтуға үлес қосқаны анық. Шымкент қаласында 30 жылда 98 мектеп салынды, деп хабарлайды no-comment.kz.