Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың жаңа үлгісі қолға алынып, кондоминиум нысанын басқарудың тиімді тәсіліне көшуде. Демек, бұрынғы пәтер иелері кооперативінің (КСК) орнына мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) құрылып жатыр. Мүлік иелерінің бірлестігі аясында үйлерді күтіп-ұстауға кететін қаржы мен оның тиімді жақтары «бір үй- бір мүлік иелерінің бірлестігі - бір есепшот» қағидатына негізделеді.
Мүлік иелерінің бірлестігі заңды тұлға ретінде тіркелген коммерциялық емес ұйым болып табылады. Аталған жаңа үлгінің артықшылығы - тұрғындар үйді басқару, күтіп-ұстау және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізе алады. Тексеру, қадағалау күшейетіндіктен коммуналдық қызметтердің де сапасы арта түспек. Көппәтерлі тұрғын үйлерде ағымдағы және күрделі жөндеу мерзімдерін айқындау мен жөндеу жұмыстарын жүргізуге қатысты мониторинг қатаңдатылады әрі ашық болады.
Айта кету керек, жалпы бір іргетаста орналасқан не үйге ортақ бірыңғай инженерлік жүйелері бар көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің үштен екісінің келісімі бойынша мүлік иелерінің бірлестігі немесе жәй серіктестік құруға болады. Бірлестікті басқару органдарының қызметі ҚР тұрғын үй заңнамасымен айқындалған, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.