Nur Otan: Дәрі-дәрмектерге салықтық жеңілдіктерді алып тастау бағаны күрт өсіреді

Nur Otan: Дәрі-дәрмектерге салықтық жеңілдіктерді алып тастау бағаны күрт өсіреді

Ұлттық экономика министрлігі ұсынған «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасын орындау шаралары партия жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында сынға ұшырады, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, министрлік республикалық бюджетке түсімді молайту үшін бірқатар салықтық жеңілдіктерді алып тастауды ұсынды. Алайда кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, салықтық жеңілдіктерді алып тастау бағаның күрт өсуіне және инвестициялық ахуалдың нашарлауына әкелуі мүмкін. Мұндай шаралардың республикалық бюджет үшін пайдасы мардымсыз.

«Министрліктің баяндамаларын тыңдасаң, көп іс атқарылып жатқан секілді, бірақ ауыз толтырып айтарлықтай дүние жоқ. Бұл жеңілдіктерді не үшін алып тастау керек екені түсініксіз. Дәрілік заттар үшін қосымша құн салығы бойынша бұл жеңілдіктің экономикалық әсері жоқ деп жатады. Бірақ қосымша құн салығы тауардың бағасына кірмей ме? Жеңілдіктерді алып тастау дәрі-дәрмек бағасының өсуіне әкелетіні анық», - деді Аманжан Жамалов.

Партияның сайлауалды уәделері аясында ҚҚС мөлшерлемесін саралау қарастырылған. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин хабарлағандай, әлеуметтік маңызы бар тауарларға ҚҚС-ның төмендетілген мөлшерлемесін енгізу, осы салық түрінің жалпы мөлшерлемесінің өсуіне алып келеді. Алайда, Аманжан Жамалов бұл мәселелерді бір-бірімен байланыстыруға болмайтынын атап өтті. 

«Өткен жылы Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарларға ҚҚС 8%-ға төмендетілген мөлшерлеме қолданылды. Осылайша, бағаның өсуіне жол берілмеді. Қазір инфляцияның өсуін ескерсек, бұл мәселе аса өзекті. Нәтижесіне келсек, салық жиналымы тіпті артты. Ал нақты ҚҚС  төмендетілген мөлшерлемесінен болған шығындар, Министрліктің бағалауы бойынша, бар болғаны 9 млрд. теңгені құрады. Сондықтан жалпы мөлшерлемені көтеру бойынша талап қоюдың қажеті жоқ, сіздерге ондай тапсырма берілмеген», – деді Кеңес төрағасы Азамат Әмринге қаратып.

Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Бақтияр Қожахметов салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Өткен жылдан бастап онлайн бақылау-касса машиналарын (БКМ) пайдалануға көшу жүргізілді. Биыл «E-salyq-Business» мобильді қосымшасы арқылы пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Барлық жерде тауар айналымын бақылау үшін тауарға ілеспе жүкқұжат (ТІЖ) енгізілуде», – деді Бахтияр Қожахметов.

Бұл ретте, Кеңес төрағасы 2015 жылдан бері елімізде 660 мыңнан астам қатысушы тіркелген электрондық шот-фактуралар жүйесі (ЭШФ) қарқынды жұмыс істейтінін еске салды.

«Сіз онлайн бақылау-кассалық машина, электрондық шот-фактура, тауарға ілеспе жүкқұжат, виртуалды қойма жүйелері туралы ауыз толтыра айттыңыз. Бірақ кәсіпкерлерден бұл жүйелердің жұмысына қатысты үнемі шағым түседі. Өйткені олар бір-бірінен көшіреді. Егер электрондық шот-фактуралар тауарларды бақылаудың негізі болса, онда соның негізінде жұмыс жүргізілуі керек. Жаңа жүйелер мен пилоттық жобалар ойлап табудың қажеті жоқ. Бизнеске оларды пайдалану ыңғайлы болуы үшін жүйелерді оңайлату қажет. Ал қазір сіздер тек кәсіпкерлердің үрейін алып жүрсіздер», - деді Аманжан Жамалов.

Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылған салық жеңілдіктерінің тізбесін қайта қарау, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік маңызы бар тауарларға ҚҚС  мөлшерлемелерін саралау бойынша нақты ұсыныстар енгізу ұсынылды.

Қаржы министрлігіне қолданыстағы жүйелер мен пилоттық жобаларды жеңілдетуге назар аудару және басқа жүйелермен қайталануды болдырмау мақсатында «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі негізінде тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету ұсынылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...