Мамай мен оның қамқоршылары лаңкестік әрекеттерге жағдай жасаған. Бұл туралы заңгер Айжан Тәшенова өзінің Facebook парақшасында жазды.
"Құрметті достар!
Бүгін Ж.Мамай пост жариялап, Б.Байбектің ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау туралы жазған талап-арызы бойынша сот шешімін қайта қарау жөнінде Жоғарғы Сотқа жүгінгені туралы мәлімдеді.
«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, мұнда бәрі айқын көрініп тұр. Осы арқылы Мамайдың өзі Жоғарғы Сотқа жүгінгенін және оның өтінішін қайта қараудан бас тартқаны туралы бұрынғы барлық мәлімдемелері – толығымен өтірік екенін растап отыр (https://www.facebook.com/zhanbolat.mamay/posts/4853854394657377). Менің ойымша, бұл ешкімді де таң қалдырмайды. Біз тағы да өзіне назар аудартуға тырысып, хайп іздеген Мамайдың арзан қойлымын көріп отырмыз.
Заңгер ретінде Жоғарғы Сот Инга Иманбаеваның дәл осындай өтінішін қараудан бас тартқанын түсіндіріп өткім келеді. Жоғарғы Соттың қаулысы преюдициялық мәнге ие. Бұл дегеніміз, Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға талап-арызы бірдей жағдайларға негізделгендіктен, Мамайдың да өтініші қанағаттандырылмайды деп толық сеніммен айтамын. Негіздеме: Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның маған сенім білдіруші Б.Байбекке қатысты жалған айыптауларына ешқандай да дәлелдің болмауы.
Бүгінгі күні біздің еліміз қаңтардағы қайғылы оқиғаның салдарынан әлі де шыға алмай отыр. Көптеген адамдарды оның себебі неде және оның артында кім тұр деген сұрақ мазалайды. Бұл ретте, өткен жылдың сәуір айында Б.Байбек өзінің сұхбатында Ж.Мамайдың деструктивті әрекеті, оның адамдарды алдау әдістері, кез келген себеппен көшеге шығуға шақыруы, заңды елемей, полициямен қарама-қайшылыққа түсу үлкен қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Қаңтар оқиғаларына Ж.Мамай да, оның артында тұрғандар да толық жауапты деп есептеймін. Болған оқиғаның тіпті шектен шыққан арсыздығы да сол – Ж.Мамайдың өз қателігін мойындап, елді көшеге шығуға шақырғанына өкінудің орнына отбасымен бірге шетелге жасырынуға әрекет етуі. Бұл оның өз әрекеттерінің барлық ауыр салдарын түсінетіндігінің дәлелі.
Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Мамайдың наразылық білдірушілерге жетекшілік етуге тырысқанында оны митингке шыққандардың өздері соққыға жыққаны да нақты көрсеткіш болып табылады(https://www.facebook.com/100001300204657/posts/4671142569605704/?d=n). Бұл оның халық арасында еш беделінің жоқ екендігін көрсетеді. Ол қуыршақ ойнатушылардың қолындағы жай ғана «соқыр қуыршақ».
Ең бастысы, Мамай жылдар бойы өз қызметін жазасыз жүргізіп, көптеген мемлекет қайраткерлерін ауыр күнә жасады деп дәлелсіз айыптап, біздің қоғамда өшпенділікті қалыптастырды. Көшелерге шығуға, заңсыз митингілер ұйымдастыруға, полициямен текетіресуге үнемі шақыруларымен Мамай және оның қамқоршылары 2022 жылдың қаңтар айындағы лаңкестік әрекеттерге барлық жағдайды жасады.
Тек маған сенім білдіруші ғана Мамай мен Иманбаеваға тек азаматтық тұрғыда талап қою туралы шешім қабылдап, көпшілікке олардың кім екенін және олардың мәлімдемелері жалған екендігін көрсетті.
Бұл барлығына үлгі боларлық жағдай және болашақта азаматтарымыз өздерінің ар-намысын қорғау үшін сотқа жүгінуден қорықпауы керек. Біздің қоғамда өтірік пен жала жабу үлкен қылмыстарға алып келуі мүмкін екендігін түсіне отырып, біз оларға тосқауыл қоюымыз керек" деп жазды А. Тәшенова.