«Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның кезектен тыс XXII Съезінде ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа партиялық жоба ұсынды.
«Оның аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталандыратын кешенді шаралар жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылады. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі», - дейді Асхат Оралов.
Бұған қоса, шығармашылық жас партия мүшелерінің әлеуетін іске асыру үшін «Партия мазмұны фабрикасы» жобасы іске қосылады.
«NEET санатын қоса алғанда, жастардың проблемалық мәселелерін, сондай-ақ оларды әлеуметтендіру әдістері мен шараларын анықтау бойынша кешенді талдау қазірдің өзінде басталды. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Жас Отан» форумында қабылданатын жаңа жастар бағдарламасы әзірленеді. Бұл стратегиялық тәсілдер партияны қайта құру бойынша сіз қойған міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп айтты «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы А. Оралов.