Шымкентте аяздан жеміс-жидектің 20 пайызы үсіп кетті

Шымкентте аяздан жеміс-жидектің 20 пайызы үсіп кетті

Шымкентте гүлдей бастаған бау-бақша үсіп кетті. Көктемде бүр жарған жеміс ағаштары мезгілсіз жауған қар астында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағбандар шама-шарқы жеткенше бау-бақшаны үсіктен қорғап, сақтап қалу үшін от жағып жылытқан. Бірақ от жағып, түтін түтеткеннен де пайда болмады. Жеміс бағының 20 пайызын үсік шалды. Қала іргесіндегі қарқынды бау 15 гектар алқапты алып жатыр. Алма мен алмұрт, ерте пісетін сары өріктің де сорты жайқалып, гүлдеп үлгеріпті.

«Табиғаттың құбылыстарына байланысты аламыз ғой. Бір жылда жақсы береді. Бір жылдары аз береді. Биылғы қолайсыздықтардан 20% шығынға ұшырап отырмыз. Отты түтетіп жағу бұрынғы атам заманнан келе жатқан әдіс қой. Бірақ енді жаңа технологияға Үкімет тарапынан көмек болмаса, қаржы мәселесі қинайды», - дейді шаруа Ғалымжан Сейдахметов.

Ауа температурасы бұл күндері -7 С-қа дейін төмендетіп кетіпті. Аудандар мен Шымкент шаруалары абдырап қалды. Амалын тапқандар жедел әрекет етуге көшті. Шымкентте 500 гектарға жуық бау-бақша алқабы бар.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да аязды күннің келтірген шығынын есептеп жатыр. Шаруашылықтар айтарлықтай шығынға ұшыраған жоқ, дейді олар. Сондықтан алдағы уақытта өнім көлемі азайып, бағасы шарықтап кетеді деуге негіз жоқ деп отыр. 

«Біз өзіміз бәрібір 500 га өнім өндірумен қала халқын 100% қамти алмаймыз. Сондықтан бізге облыстан көбірек келеді. Өнімдер бағасына әсер ете қоймайды. Өйткені кейінгі заманауи технологиямен еккен қарқынды бауларымыз барынша сақтап қалуға тырысты. Ол жерде көп шығын болған жоқ деп есептейміз», - дейді қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Тоғай.

Әкімдікте ауа райының қолайсыздығына байланысты шаруаның шығынын өтеп беруге қаржы қаралмағанын айтады. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді сақтандыруға көшу керек дейді. Бұл осындай кезде тығырықтан шығуға көмектеседі деп отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...